Діни экстремизмнің ең қауіпті тұсы – елдің ішкі тұтастығын бұзып, қоғамның берекесі мен бірлігіне сызат түсіруі. Оның басты мақсаты – халықтың санасына іріткі салып, ұлттық құндылықтарды әлсірету арқылы мемлекеттің тұрақтылығын шайқалту. Ол үшін ең алдымен дәстүрлі діннің ішінен алауыздық іздеп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тамырына балта шабуға тырысады. Ұлттық болмыс әлсіресе, татулық пен ынтымақтың да іргесі сөгіле бастайды.
Экстремизм – жай ғана теріс көзқарас емес, ол қоғамның мәдениеті мен рухани мұрасына қарсы бағытталған қауіпті құбылыс. Радикалды идеологиялар халықтың салт-дәстүрін, өнері мен ұлттық ерекшелігін жоққа шығаруды әдетке айналдырады. Кейбір жат ағым өкілдері ұлттық музыка мен дәстүрлі киімді, мерекелер мен өнерді «дінге қарсы» деп түсіндіріп, жастарды одан бездіруге тырысады. Мұндай түсінік ұлттық мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына кедергі келтіріп, халықтың тарихи жадын әлсіретеді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қонақжайлық, үлкенді сыйлау, жеті атаны білу, беташар, тұсаукесер секілді салт-дәстүрлері – қоғамдағы татулық пен адамгершіліктің негізі. Бұл дәстүрлер ұлттың рухани діңгегі саналады. Алайда экстремистік топтар осындай асыл мұраларды теріс түсіндіріп, халық арасына күмән мен алауыздық ұялатады. «Ширк», «бидғат» секілді діни ұғымдарды орынсыз қолданып, дінді қорқыныш пен жеккөрініш құралына айналдыруға әрекет етеді.
Жастар – кез келген идеологияға тез бейімделетін әлеуметтік топ. Егер жас буын ұлттық тәрбие мен мәдени құндылықтардан алыстаса, тарихи сана мен рухани иммунитет әлсірейді. Соның салдарынан ұлттық болмысқа қауіп төнеді. Экстремизм қоғам ішінде сенімсіздік пен үрей қалыптастырып, адамдар арасындағы сыйластықты әлсіретеді. Бұл өз кезегінде мәдени іс-шаралардың, ұлттық мерекелердің және қоғамдық байланыстың бәсеңдеуіне әкеледі.
Қазақ қоғамында ислам діні ұлттық дәстүрмен біте қайнасып, өзара үйлесімде дамып келді. Ата-бабаларымыз дінді де, дәстүрді де бір-біріне қарсы қоймаған. Керісінше, имандылық пен ұлттық тәрбиені қатар ұстанып, рухани сабақтастықты сақтай білді. Ал радикалды ағымдар осы үйлесімді бұзып, халықтың діни-мәдени тұтастығына нұқсан келтіруді көздейді.
Сондықтан радикалды топтармен күресте тек тыйыммен шектелу жеткіліксіз. Ең бастысы – ұлттық құндылықтардың маңызын түсіндіріп, жастардың санасына рухани тәрбие мен тарихи танымды сіңіру. Дәстүр мен діннің үндестігін біліммен, парасатпен және нақты дәлелмен насихаттай білгенде ғана халқымыздың асыл мұрасы сақталып, ұлттың рухани тұғыры берік болмақ.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды









