Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – қауіп-қатер туындағаннан кейін әрекет ету ғана емес, оның алғышарттарын ерте анықтауды талап ететін кешенді жұмыс.
Осы бағытта Ұлытау облысында түрлі әлеуметтік топтарды қамтыған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтті. Кездесулерге Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, сарапшы-психолог Лола Шакимова қатысып, деструктивті идеологиялардың адам санасына әсер ету ерекшеліктері мен алдын алу жолдарына тоқталды.
«Профсервис» ЖШС қызметкерлерімен өткен кездесуде деструктивті діни ағымдардың әсер ету факторлары, олардың таралуына ықпал ететін әлеуметтік және психологиялық себептер талқыланды.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «99290 әскери бөлімі» РММ қызметкерлерімен криминалдық профайлинг тақырыбында кездесу өткізіліп, адамның мінез-құлқын бағалау, ықтимал қауіп-қатер белгілерін ерте анықтау және түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету мәселелері түсіндірілді.
Ал «Евротехсервис» ЖШС қызметкерлерімен отбасының жасөспірім психологиясына әсері сөз болды. Ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас пен отбасылық қолдаудың деструктивті ықпалдардың алдын алудағы маңызы атап өтілді.
Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ-де қоғамдық келісім, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Өткізілген іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың діни және психологиялық сауаттылығын арттыру, деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту.
Материал Ұлытау облысы ТҚК аппараты ұсынған ақпарат негізінде дайындалды









