Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жас қызметкерлердің Ант қабылдау, сала ардагерлерін құрметті зейнет демалысына шығарып салу және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара барысында 37 жас қызметкер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, заңдылық пен тәртіпті сақтауға және өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға салтанатты түрде Ант қабылдады. Бұл – олардың кәсіби қызмет жолындағы жауапты қадамы әрі Отан алдындағы міндеттеріне деген адалдығының айқын көрінісі.
Іс-шара аясында Қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына көпжылдық адал еңбегімен үлес қосқан ардагерлер құрметті зейнет демалысына шығарып салынды. Олардың мінсіз қызмет жолы, мол тәжірибесі мен кәсібилігі ерекше аталып, жас буынға үлгі боларлық еңбектері жоғары бағаланды.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін мінсіз орындап, жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытқан қызметкерлер «Мінсіз қызметі үшін» I, II және III дәрежелі медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің алғыс хаттары мен грамоталарымен, сондай-ақ департамент бастығының грамоталарымен марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында ҚАЖ ардагерлері Куписов М. мен Бекенов Е. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төсбелгілерімен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың сала алдындағы көпжылдық еңбегі мен мінсіз қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Іс-шараның басты мақсаты – қызметтік дәстүрлер сабақтастығын нығайту, жас қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру, адал қызмет пен жоғары тәртіпті дәріптеу, сондай-ақ сала ардагерлеріне деген құрметті көрсету.
Адал қызмет – абыройдың өлшемі, ел алдындағы жауапкершіліктің белгісі!









