Қарағанды облысындағы Qarmet компаниясына қарасты «Тентек» шахтасы қайта жанданып, өндірістік әлеуетін қалпына келтіріп жатыр.

Көпжылдық үзілістен кейін кәсіпорында жабдықтар жаңартылып, өндірісті дамытуға жағдай жасалуда. Биыл шахта он жыл ішінде алғаш рет миллион тонна көмір өндірді. Ал 2026 жылға арналған жоспар – 1,2 миллион тонна.

– Шахта соңғы рет миллион тонна көмірді он жыл бұрын өндірген еді. Бүгінде біз бұрынғы көрсеткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, кәсіпорынның одан әрі дамуына негіз қалап жатырмыз. Биыл ауа беретін екі жаңа негізгі оқпан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар көмірді құрғақ байытуға арналған жерүсті кешенінің құрылысы басталады, – деді «Тентек» шахтасының директоры Владимир Шнель.
Жаңа оқпандар жерасты қазбаларына таза ауаның қосымша берілуін қамтамасыз етеді. Бұл тау-кен жұмыстарын кеңейтіп, жаңа көмір өндіру учаскелерін игеруге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл шахтаға екі жаңа үңгілеу комбайны мен конвейер жеткізілді.
Сонымен қатар кәсіпорында бағытталған бұрғылау технологиясы енгізіліп жатыр. Бұл жаңа лаваларды дайындау мерзімін қысқартуға, бұрғылау жұмыстарының дәлдігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Qarmet үшін Д-6 көмір қабатының қорын игерудің маңызы зор. Мұнда өндірілетін кокстелетін көмір компанияның металлургиялық өндірісіне қажетті маңызды шикізат саналады. Бұл бағытты дамыту комбинаттың жеке шикізат базасын нығайтып, өндірістік тізбектің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Алдағы жылдары шахтада жаңа лаваларды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Миллион тонна көмір өндіру межесіне жету құрметіне шахта аумағына ағаш көшеттері егілді.
Qarmet баспасөз қызметінің мәліметінше








