Ауыл тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттыруда үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) орны айрықша. Бұл бағытта елімізде ауылдық ұйымдарды дамытуға және олардың бастамаларын қолдауға басымдық беріліп отыр.
Қазақстанда ауылдық ҮЕҰ-ның жұмысын нығайту, мамандарының кәсіби білігін арттыру және азаматтық бастамаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Биыл еліміздің жеті өңірінде, атап айтқанда, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарында ауылдық ұйымдардың 70 өкіліне арналған оқыту шаралары аралас форматта өтті. Қатысушылар ҮЕҰ-ны дамыту стратегиясын әзірлеу, жұмыс бағыттарын айқындау, ұйымды ақпарат кеңістігінде таныту және өз бастамаларын ілгерілету бойынша тәжірибесін жетілдірді.
Оқуға және тәжірибе алмасуға онлайн кездесулер де мүмкіндік берді. «Ауылдық ҮЕҰ: идеядан тұрақтылыққа дейін» атты вебинарлар топтамасына Қазақстанның 10-нан астам өңірінен 200-ден астам адам қатысты. Бағдарламада стратегиялық ойлау, коммуникация, фандрайзинг және жобаларды басқару мәселелері қамтылды.
Ауылдағы бастамаларды қолдаудың тағы бір тетігі – шағын гранттар. Еліміздің жеті облысында өткен байқауға 26 өтінім түсіп, оның 18-і қолдау тапты. Жобалар аясында 2 мың ауыл тұрғынының қатысуымен 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Олар туралы ақпарат 50 мыңнан астам адамға жетті. Сонымен қатар грант иелеріне жобаларын жүргізу барысында тәлімгерлер кеңес беріп, тәжірибесін бөлісті.
Онлайн консультациялық орталық та ұйымдарға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінге дейін 266 жеке кеңес берілді. Оның 135-і – ауылдық, 131-і – қалалық ұйымдар. Өтініштердің шамамен 51%-ы ауылдық ҮЕҰ-дан түскен.
Оқыту, грант беру, тәлімгерлік және жеке кеңес беру жұмыстары ауылдық ұйымдардың жұмысын тұрақтандыруға және тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге белсене араласуына жағдай жасайды.
Аталған жұмыстар «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы аясында жүргізіліп жатыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









