Түркістан қаласында Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жастар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Салтанатты түрде көк байрақ көтеріліп, елдіктің еңселі нышанына құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды.
Облыс әкімі өз сөзінде 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамы болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік Тудың азаттықтың, бірліктің және елдің жарқын болашағына деген сенімнің символы екенін жеткізді.
Мерекелік шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қатысушылар тәуелсіздіктің қадірін білу, ұлттық құндылықтарды қастерлеу және ел бірлігін нығайту жөніндегі ойларын ортаға салды.
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі – отансүйгіштікті дәріптейтін, азаматтардың елге деген құрметін арттыратын маңызды қоғамдық-саяси іс-шара. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








