Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы 80 орындық перзентхананың құрылысы аяқталуға жақын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының бас директоры Мұхаммед Саиф Әл Сувайди және БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Әл Арикимен бірге медициналық нысандағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Медициналық нысан Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржылай қолдауымен салынуда. Жобаның негізгі мақсаты – өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау және жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.
Жобаның жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 1,58 млрд теңге медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға қарастырылған. Аумағы 3,3 гектарды алып жатқан нысанның құрылысын «Эристайл Казахстан» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында басталған. Перзентхана пайдалануға берілгенде, мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 97 пайызы орындалған. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен жиһаздар толық сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ғимараттың қасбетін қаптау, сәндік элементтерді орнату, желдету жүйесін реттеу және жиһаздарды орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жаңа перзентханада жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылған. Мұнда босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесі, ана мен баланың бірге болуы палаталары, жаңа туған нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшелері орналасады.
Жаңа перзентхананың пайдалануға берілуі Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын қорғау саласының мүмкіндіктерін кеңейтіп, әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









