Қазақстан құрамасы Айти-Нагояда өткен V Азия Пара ойындарын тарихи нәтижемен қорытындылады. Ұлттық құрама спортшылары 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, бұрынғы көрсеткіштерін жақсартты.

Бұл жетістікке қарағандылық спортшылар да елеулі үлес қосты. Жапонияда өткен додада өңір намысын паражүзу, арбадағы теннис және паражеңіл атлетикадан сынға түскен 10 спортшы қорғады. Олар ел қоржынына бір алтын, бес күміс және екі қола медаль салды.

Қарағандыға алғашқылардың бірі болып жеңіл атлет Дастан Мұқашбеков оралды. V Азия Пара ойындарының ашылу салтанатында оған Қазақстан құрамасының ту ұстаушыларының бірі болу құрметі көрсетілген еді. Ерлер арасында F36 санатында ядро итеруден бақ сынаған қарағандылық спортшы 15,47 метр нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Теміржол вокзалының перронында спортшыны туған-туыстары, достары мен спорт қауымдастығының өкілдері күтіп алды.

Дастан жарысқа алтын медаль алуды мақсат етіп барғанын айтты. Дегенмен күміс жүлдені де жақсы нәтиже деп бағалап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Жеңіске жеткім келді, бірақ күміс медальға да қуаныштымын. Енді дайындықты жалғастырып, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Алда 2028 жылы Өзбекстанда өтетін әлем чемпионаты, одан кейін Паралимпиада ойындары бар. Қарсыластарымның өнерін саралай келе, әлі де қай тұсқа басымдық беру керектігін, техникама қандай өзгерістер енгізу қажеттігін түсіндім, — деді Дастан Мұқашбеков.

Спортшының халықаралық жарыстарда қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ол — әлем чемпионатының және 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері. Сондай-ақ 2023 жылғы Пара Азия ойындарында жеңіске жетіп, Азия рекордын жаңартқан. Ал 2025 жылы Дубайда өткен Гран-при жарысында топ жарды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 28 қазанда паражүзушілер де елге оралады. Оларды теміржол вокзалында салтанатты түрде қарсы алу жоспарланған.
Қарағандылық спортшылар арасында Диас Кенжебек те жарқын нәтиже көрсетті. Ол төрт медаль — бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар 100 метрге шалқалап жүзуде рекордтық нәтиже тіркеді. Наталья Звягинцева эстафеталық жарыстарда екі мәрте күміс жүлдеге ие болды. Ал Роман Потапов жарысты қола медальмен аяқтады.









