Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстанның Бірінші лигасында чемпион атанып, екі жылдық үзілістен кейін ел футболының жоғары дивизионы – Премьер-лигаға қайта оралды. Қарағандыда маусымның қорытындысына арналған салтанатты шара өтіп, команда ойыншыларына алтын медальдар мен чемпиондық кубок табысталды.

Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, клуб басшылығы, құрметті қонақтар мен жанкүйерлер қатысты. Көптен күткен жеңіс пен команданың жоғары дивизионға қайта оралуы қарағандылықтар үшін ерекше қуанышқа айналды.

– Команда мен жанкүйерлерді жеңісімен және Премьер-лигаға жолдама алуымен құттықтаймын! Бұл – Республика күніне орай жасалған лайықты тарту. Осы сәтті мыңдаған қарағандылық асыға күтті. Мен де солардың қатарындамын. «Шахтер» – жай ғана футбол клубы емес, ол – өңір тарихының ажырамас бөлігі, бірнеше буын жанкүйердің мақтанышы. Бүгін команда еліміздің ең мықты клубтарының қатарына қайта қосылды! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

2024 жылы «Шахтер» клуб тарихында алғаш рет Премьер-лигадан шығып қалды. Команданың қайта түлеуіне 2025 жылғы 25 қарашада Тимур Турловтың клуб иесі атануы серпін берді. Алға қойылған негізгі міндеттер – «Шахтерді» қайтадан жоғары дивизионға шығару және клубтың тұрақты дамуына негіз қалау.
Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Шахтер» футбол академиясын салу. Жобаға 12 млрд теңге бөлінді. Аумағы 9,61 гектар болатын кешенде стадион, жабық манеж, футбол алаңдары мен оқу-жаттығу үдерісіне қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Академия кешенін 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Клубтың дамуына облыс әкімдігі де қолдау көрсетіп келеді. Өңірдегі футбол инфрақұрылымы бірлесіп жаңғыртылуда. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, қазір 15 мың көрерменге арналған жаңа жабық стадионның жобасы әзірлене бастады. Сонымен қатар қолданыстағы аренаны жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Келесі жылы трибуналардағы орындықтарды ауыстыру да көзделген.
Аталған жобалар жас футболшыларды даярлауға, олардың шеберлігін шыңдауға және кәсіби спортқа қадам басуына мүмкіндік береді.

Салтанатты кештің басты кейіпкерлері, әрине, футболшылар болды. Чемпиондық медальдар мен кубок табысталып қана қоймай, маусым бойы жоғары ойын өрнегін көрсеткен үздік ойыншылар да марапатталды.

Маусымның үздік қақпашысы атағы Игорь Шацкийге бұйырды. «Шахтердің» капитаны чемпиондық жеңістің бүкіл команданың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

– Біз алдымызға қойған міндетті команданың, жаттықтырушылар штабының, клуб басшылығының және барлық қызметкердің бірлескен күш-жігерінің арқасында орындадық. Сырт көзге жеңіске жету оңай болғандай көрінуі мүмкін. Алайда қиындықтар аз болған жоқ. Ең бастысы, біз мойымадық, бастаған ісімізді соңына дейін жеткіздік. Енді аздап тынығып алған соң, қайтадан жұмысқа кірісеміз, – деді Игорь Шацкий.
Маусымның үздік сұрмергені атанған Артем Литош 24 матчта қарсыластар қақпасына 24 гол соқты.

– Біз үшін бұл маусым өте сәтті өтті. Бірінші орынға ие болып, алтын медаль жеңіп алдық. Бұл – бүкіл команда үшін де, қаламыз үшін де үлкен мақтаныш. Біз «Шахтерді» өзінің лайықты орнына қайтардық. Енді Премьер-лигада өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін күресетін боламыз, – деді футболшы.
Маусымның үздік жас ойыншысы атағы Нұралы Азатқазыға берілді.

Ал үздік гол авторы деп Арман Нүсіп танылды. Ол «Тобылға» қарсы өткен төртінші тур матчында есеп ашқан болатын.

Бұл жеңісте жанкүйерлердің де үлесі зор. Олар бүкіл маусым бойы команданы қолдап, сырт алаңдағы ойындарға да барып, трибуналарда ерекше көңіл күй қалыптастырды.
Нұржан Шарападин бала кезінен «Шахтердің» жанкүйері. Фан-клубтың қатарына қосылғанына да бес жылға жуық уақыт болған.

– Мен бала кезімнен футболға құмармын, тіпті футболшы болуды армандадым. Бір кездері «Шахтер» академиясының іріктеуіне қатысып көрдім, бірақ өте алмадым. Қарағандыда БАТЭ-ге қарсы өткен матч әлі күнге дейін есімде. Сол кезде стадион лық толып, ерекше атмосфера қалыптасқан еді. Қазір клуб қайта жанданған соң, матчтарға жиірек барып, түрлі перформанс ұйымдастырып, жаңа ұрандар ойлап тауып, командамызға барынша қолдау көрсеткіміз келеді. «Шахтердің» Премьер-лигаға қайта оралуы бізге үлкен жігер берді, – деп бөлісті жанкүйер.

Чемпиондық маусым аяқталғанымен, футболшылардың ұзақ демалуға уақыты жоқ. 15 желтоқсанда команда Түркияға алғашқы оқу-жаттығу жиынына аттанады.









