Қарағанды облысында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға күн сайын қол ұшын созып жүрген мамандар марапатталды.

Олардың қатарында әлеуметтік қызметкерлермен бірге қоғамдық ұйымдардың өкілдері және спортта, қоғамдық өмірде елеулі жетістіктерге жеткен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.

Сала үздіктеріне ведомстволық наградалар мен облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлықтары табысталды.

– Бүгінде облысымыздың әлеуметтік қорғау саласында бес мыңнан астам маман еңбек етеді. Күн сайын сіздерге мыңдаған тұрғын көмек сұрап жүгінеді. Біріне жұмыс табуға жәрдемдессеңіздер, енді біріне жәрдемақы рәсімдеуге, оңалту қызметтерін алуға немесе өмірлік қиын жағдайдан шығуға көмектесесіздер. Әрбір өтініштің артында бір адам, оның отбасы және шешімін табуды қажет ететін нақты мәселе тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға Әділетті Қазақстан құру міндетін қойып отыр. Бұл бағыттағы маңызды қағидаттардың бірі – әрбір адамға лайықты өмір сүруге мүмкіндік жасау. Сіздер осы қағидатты күнделікті еңбектеріңіз арқылы жүзеге асыруға үлес қосып келесіздер, – деп облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков әлеуметтік қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, халыққа көрсетіп жүрген қамқорлығы мен адал еңбегі үшін алғыс білдірді.

Облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығы он номинация бойынша беріледі. Солардың бірі — «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымы.

Биыл бұл марапат Ақтоғай ауданынан Бақытгүл Әбдірасыловаға бұйырды. Ол аудандық үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 28 жылдан бері еңбек етіп, қолдауға мұқтаж жандардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге үлес қосып келеді.
– Маған басқа жұмысқа ауысуды ұсынған еді, бірақ өзім қызмет көрсететін адамдарға бауыр басып қалдым. Сондықтан бұл жұмысымды ешбір жағдайда ауыстырмаймын. Жалғызбасты қарт адамдармен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Өйткені мұнда жай ғана міндетіңді орындау жеткіліксіз, олардың мұңын тыңдап, көңіл бөліп, жан жылуын сыйлай білу де маңызды. Әріптестеріме сабырлылық, сыпайылық және зор денсаулық тілеймін. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын, – дейді Бақытгүл Әбдірасілова.

«Рухы мықтылар» номинациясы бойынша Саран қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі, паралимпиада чемпионы Айгүл Балмағамбетова марапатталды. Ол параби спортымен айналысып, 2016 жылдан бері халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап келеді. Айгүл Балмағамбетова Болгария, Германия, Италия, Ресей, Жапония және Словакияда өткен турнирлерде жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған.

– Еңбегімнің осылай жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын. Маған қолдау көрсетіп жүрген барша жанға, әсіресе жаттықтырушыларыма алғыс айтамын, – деп алғысын білдірді Айгүл Балмағамбетова. – Адамдарға соңына дейін берілмеуге кеңес бергім келеді. Өз тәжірибемнен білемін, әрдайым қайсарлық танытып, өзіңе сеніп, алға қойған мақсатыңа қарай ұмтылу керек.

«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары қатарынан мүмкіндігі шектеулі адамдардың ARMAN-ASU қоғамдық бірлестігі де орын алды. Бірлестіктің маңызды бастамаларының бірі — иппотерапия сабақтары өткізілетін ат клубы. Жылқымен жұмыс істеу балалардың қимыл-қозғалыс үйлесімін жақсартып, оңалту үдерісіне оң ықпал етеді.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында жұмыс ауқымын кеңейтіп, Балқаш қаласында филиал аштық. Қазір иппотерапия сабақтарына әртүрлі жастағы 300-ден астам бала қатысады. Оның пайдасы зор: бұлшықеттер нығайып, қимыл-қозғалыс дағдылары мен сөйлеу қабілеті дамиды. Ал жылқымен қарым-қатынас жасау балалардың бойына тыныштық сыйлайды, – деді ат клубындағы иппотерапия орталығының жетекшісі Айсулу Кәкімова.

«Мамандыққа адалдық үшін» номинациясы бойынша «Жизнь» жеке отбасылық үйінің жетекшісі Надежда Алексеева марапатталды. Ол өмірінің 20 жылдан астам уақытын әлеуметтік салаға арнаған. Зейнет жасына жеткеннен кейін де Надежда Григорьевна еңбек жолын жалғастырып, қамқорлық пен қолдауға мұқтаж жандарға көмектесіп келеді. Ғ. Мұстафин кентіндегі бұл отбасылық үйде жалғызбасты 26 қарт тұрады.

– Әлеуметтік қызметкер – қоғамдағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Қарттарға да, балаларға да, мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмек қажет. Осы жылдар ішінде талай жақсы сәттерді бастан өткердім. Әлі де қатардамын, еңбек етіп жүрмін. Адамдарды өте жақсы көремін, олардың өмірі жақсарып, тұрмысы түзеліп жатса, соған қуанамын. Бүгін еңбегімнің еленіп, марапатқа ие болғаным мен үшін үлкен қуаныш. Алда қанша ғұмырым қалғанын білмеймін, бірақ бір нәрсені нық сеніммен айта аламын: мен бақытты адаммын, – дейді Надежда Алексеева.

Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.












