Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылында ветеринариялық пункт ашылды

    Қарағанды облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Республика күні қарсаңында Нұра ауданының Құланөтпес ауылында модульдік ветеринариялық пункт ашылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, жануарлар арасында аурулардың алдын алу шараларын жақсартуға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін ауданда осындай тағы 10 нысан пайдалануға беріледі.

    Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылында ветеринариялық пункт ашылды

    — Бұл — ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Былтыр осы жерде медициналық пункт ашсақ, бүгін жаңа ветеринариялық пунктті таныстырып отырмыз. Мұның Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында өтуінің де ерекше мәні бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту міндетін қойды, — деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.

    Ветеринариялық қауіпсіздік мал шаруашылығын дамыту үшін ғана емес, адамдардың денсаулығын қорғау тұрғысынан да маңызды. Қазақстан Конституциясында азаматтардың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге құқығы бекітілген.

    Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылында ветеринариялық пункт ашылды

    Жаңа ветеринариялық пунктте үш маман жұмыс істейді. Мұнда ветеринарлар жануарларға вакцина салып, зертханалық зерттеулер үшін қан сынамаларын алады және басқа да қажетті ветеринариялық рәсімдерді жүргізеді.

    — Мен бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп келемін, өз мамандығымды жақсы көремін. Жұмыс жағдайымыздың жақсарғанына қуаныштымын. Мұнда қызметкерлерге қолайлы жағдайдың бәрі қарастырылған. Ғимаратта ыстық және суық су бар. Жанында малға арналған арнайы қора салынған. Бұрын жануарларға көмек көрсету үшін әр үйді аралауға тура келетін. Енді тұрғындар қажетті ветеринариялық шараларды жүргізу үшін малын осында өздері әкеле алады, - деді Құланөтпес ауылындағы ветеринариялық пункттің меңгерушісі Серік Жапаров.

    Ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл облыстың 70 елді мекенінде жаңа модульдік ветеринариялық пункттер ашылады. 2027 жылы тағы 70 осындай нысан салу жоспарланған. Сонымен қатар 28 мал қорымын және бес ветеринариялық станцияны салу көзделген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары