Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Республика күнімен құттықтауы

    1 / 9

    Құрметті қостанайлықтар! Ардақты жерлестер!

    Сіздерді еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

    1990 жылғы 25 қазанда маңызды қадам жасалып, ел тарихының жаңа парағы ашылды.

    Бүгінде Республика күні – заңға, азаматтық теңдікке, саналы патриотизмге және халық еркінің үстемдігіне негізделген Әділетті Қазақстанның басты символына айналды.

    Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан үлкен тарихи жолдан өтіп, елеулі сынақтарды еңсерді, халықаралық аренадағы беделін нығайтып, дамудың берік негізін қалыптастырды.

    Мемлекетіміздің барлық жетістіктерін есте сақтап, үнемі айтып жүруіміз керек. Өйткені олардың бәрі – Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің жемісі.

    Биылғы 2026 жылдың тарихи орны ерекше. Еліміз конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде.

    Бұл жыл өңіріміз үшін де ерекше маңызға ие. Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толды. Осы уақыт ішінде өңіріміз қалыптасу мен дамудың маңызды жолынан өтті.

    Бірнеше ұрпақтың қажырлы еңбегінің арқасында өнеркәсіп орындары құрылып, ауыл шаруашылығы дамыды, өлкенің экономикалық және қоғамдық әлеуеті қалыптасты.

    Қостанай облысы мен еліміздің тарихында есімдері мәңгілікке жазылған көрнекті жерлестеріміздің қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Кәмшат Дөненбаева, Вера Сидорова және Михаил Яровой бар. Қостанайлықтар өңіріміздің даңқты еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқан Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов, Борис Князев пен Алмат Тұрсыновтың еңбегін ерекше мақтанышпен атап өтеді.

    Бүгінде біз Тәуелсіз Қазақстанды нығайту мен өркендетуге өз үлесімізді қоса отырып, олардың жолын мақтанышпен жалғастырып келеміз.

    Осы орайда облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен тәртіпті ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолында жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысасыздар деп сенемін.

    Мемлекеттілікті нығайту мен жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу көбіне өңірлердің тұрақты дамуына, экономикалық әлеуетіне және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру қабілетіне байланысты. Осы тұрғыда Қостанай облысы еліміздің дамуына, ұлттық экономиканы нығайтуға, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға, халықтың өркендеуі мен әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.

    Бүгінде Қостанай облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі.

    Біз екі жыл қатарынан Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын асыра орындап келеміз. 2024 және 2025 жылдардың қорытындысы бойынша жоспарланған кемінде 6 пайыздың орнына экономиканың 8 пайыздан астам өсуіне қол жеткіздік.

    Ағымдағы жылға қойылған мақсат – кемінде 6 пайыздық өсімді қамтамасыз ету.

    Тәуелсіздік жылдарында облыс экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгерді. 1991 жылы жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 46,5 пайызды құраса, өнеркәсіптің үлесі небәрі 17,4 пайыз болды. Қазір өнеркәсіп өндірісінің көлемін ұлғайтып, оның үлесін 33 пайыздан асырдық. Ал ауыл шаруашылығының үлесі 9,4 пайызды құрайды.

    Өнеркәсіп саласында шикізаттық бағыттан біртіндеп алыстап келеміз. Қазір өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл біздің шикізат өндірумен ғана шектелмей, дайын өнім шығаруды да дамытып отырғанымызды көрсетеді. Бүгінде облыс өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі бойынша еліміздің 20 өңірінің ішінде төртінші орында. Өткен жылы бесінші орында болған едік. Алдымызға қойған мақсат – үздік үштікке ену.

    Өңірімізде жаңа өнеркәсіп саласы қалыптасты. Қостанай облысы Қазақстанның машина жасау орталығы атанды.

    Біз еліміздегі машина жасау саласы өндірісінің жалпы көлемінің 25 пайызын шығарамыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі өседі. Қазір тағы бірнеше машина жасау зауытын салу жоспарланған.

    Бүгінде бұл сала жеңіл және жүк автомобильдерін, тракторлар мен комбайндарды, автокомпоненттерді, жеңіл және жүк көліктеріне арналған бөлшектерді, сондай-ақ теміржол көлігіне қажетті өнімдерді шығаратын ірі кәсіпорындарды біріктіріп отыр.

    KIA зауытының іске қосылуы облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға болды.

    Жаңадан ашылып жатқан зауыттарымыз – заманауи жоғары технологиялық өндіріс орындары. Оларда 150-ден астам робот жұмыс істейді.

    Машина жасау кәсіпорындарында шамамен 6 мың адам еңбек етеді. Еңбек ұжымдарының 55–70 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар, соның ішінде өңіріміздегі колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері құрайды. Мәселен, KIA зауыны қызметкерлерінің орташа жасы 30-дан сәл асады.

    Жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығының артып келе жатқаны қуантады. 2021 жылдан бері облыс колледждерінде 25 жаңа мамандық ашылды. Оның бесеуі машина жасау саласына қатысты.

    Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғары оқу орындарымызда әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды.

    Машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер бағыттары бойынша жоғары мектептер ашылды.

    Қазір облыстың жоғары оқу орындарында 20,5 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың 294-і – шетелдік студенттер, ал 4 440-ы еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар.

    Мамандарды даярлау өңір кәсіпорындарымен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Дуальды оқытуға және заманауи технологияларды меңгеруге басымдық берілген.

    Бұл шаралардың барлығы өңір кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтамасыз етуге және облыстың кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Біздің басты міндетіміз – сұранысқа ие мамандарды алдын ала даярлау, олардың заманауи өндіріс орындарында жұмыс істеуіне жағдай жасау және Қостанай облысының одан әрі индустриялық дамуына қажетті кадрлық негіз қалыптастыру.

    Қостанай облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Сүт-тауарлы фермалардың ашылуы, егіс алқаптарын әртараптандыру және агротехнологияларды жетілдіру нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып келеді.

    Биыл егін жинау науқаны гектарына 14,9 центнер өнімділікпен аяқталды. 6 миллион тоннадан астам астық жиналды.

    Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығын дамытуға екінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлініп келеді. Республика бойынша қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден асты. Мәселен, биыл облысымызға 326 миллиард теңге бөлінді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 207 миллиард теңге болған еді. Яғни қаржыландыру көлемі 1,6 есе өсті. Бұл агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп отырған зор қолдаудың айқын дәлелі.

    Еліміздің астықты өңірі ретіндегі мәртебемізді сақтай отырып, ауыл шаруашылығына деген көзқарасымызды өзгертіп келеміз.

    Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен ғана шектелмей, оларды өңдейтін заманауи өндірістер құрып, қосылған құны жоғары тауарлар шығарудың маңызы зор.

    Облыс ұн өндіру бойынша бірінші, азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша екінші орында.

    Мемлекет басшысы алдымызға үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін қойды.

    Қазір облыста сүттің 93 пайызы, еттің 79 пайызы, астықтың 33 пайызы және майлы дақылдардың 31,5 пайызы өңделеді.

    Өңірде шикізат өндіру мен экспорттаудан толық өндірістік цикл құруға көшу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Яғни егістік пен фермадан бастап, өнімді терең өңдеуге және дайын тауар шығаруға дейінгі үдерісті қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Етті, сүтті және астықты терең өңдеу – негізгі бағыттарымыздың бірі.

    Заманауи өңдеу зауыттары мен фабрикалар салынды. «Кондитерская столица» жаңа кондитерлік фабрикасы іске қосылды. Оның ашылуы облыстың еліміздегі ірі кондитерлік өнім өндірушілердің біріне айналуына мүмкіндік береді.

    Май өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы жылына 90 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын ірі фабрика іске қосылады.

    Келесі стратегиялық қадамымыз – астықты терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру. Оның аясында Еуропа нарығына бағытталған биоэтанол өндірісін дамыту және одан авиацияға арналған экологиялық сипаттамалары жақсартылған SAF отынын шығару көзделген.

    Осы жобаның өзі іске асқан жағдайда астықты өңдеу көлемі 41 пайызға жетеді.

    Нәтижесінде облыс ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерін экспорттау бойынша еліміздің 20 өңірінің арасында бірінші орынға шықты. Алдағы уақытта республикалық экспорттағы үлесіміз одан әрі арта түседі.

    Көлік қатынасын дамытпай, ел экономикасын көтеру мүмкін емес. Сондықтан облысымызда қалалармен қатар ауылдардағы жолдар да жөнделіп жатыр.

    Соңғы үш жылда 305 ауылдағы 1 072 көше жөнделіп, 185 ауылға кіреберіс жолдар жаңартылды.

    Сонымен қатар облыстан шығатын барлық негізгі бағыттар бойынша мыңдаған шақырым автожол қайта жаңғыртылды. Бұл – Ресей Федерациясына, Астанаға, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына апаратын жолдар.

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша маңызды «Орталық – Батыс» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Транскаспий бағытына шығатын, Арқалық пен Торғай арқылы өтетін жаңа автожол салынуда.

    Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі «Жезқазған – Петропавл» автожолын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижесінде жол қашықтығы 500 шақырымнан астамға қысқарып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен келетін көлік ағыны Арқалық арқылы өтетін болады.

    Осылайша, Қостанай облысы еліміздің солтүстігін, оңтүстігін және батысын байланыстыратын маңызды көлік торабына айналып келеді.

    Биыл негізгі теміржол вокзалдары жаңартылды. Қостанай әуежайы жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 30 жылдан астам уақыт жұмыс істемеген Арқалық әуежайы қайта қалпына келтірілді.

    Өңір экономикасының өсуі мен инвестициялық жобалардың іске асырылуы іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етуде. Инвестициялық тартымдылықтың жоғарылауы және жаңа инвесторлардың келуі инвестиция көлемін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.

    Облыс экономикасының дамуында шағын және орта бизнес маңызды рөл атқарады. Оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 1998 жылғы 5 пайыздан бүгінгі күні 30 пайызға дейін өсті. Кәсіпкерлік субъектілері шығаратын өнім көлемі 3,2 триллион теңгеден асады. Бұл салада 172 мың адам еңбек етеді. Яғни облыстың экономикалық белсенді халқының 38,1 пайызы шағын және орта бизнеске тартылған.

    Кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылық қолдау айтарлықтай серпін берді. «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары мен «Іскер аймақ» өңірлік жобасы арқылы кәсіпкерлерге несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда қарыздарға кепілдік беру, инновациялық өндірістер ашуға гранттар ұсыну мүмкіндіктері жасалды.

    Осының арқасында облыстың мыңдаған тұрғыны өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп, өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрды.

    Бұл жетістіктердің артында жаңа кәсіпорындар, халықты жұмыспен қамту және қалаларымыз бен ауылдарымызды дамытуға арналған қосымша мүмкіндіктер тұр.

    Мұның бәрі облыс экономикасын нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және туған өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосуда.

    Алайда барлық жетістіктің негізінде, ең алдымен, адамдардың еңбегі жатыр. Өңірімізді дамытып, Қазақстан экономикасын нығайтуға облыс тұрғындарының қажырлы еңбегі ықпал етуде. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен өз ісіне адалдығы – ортақ жетістіктеріміздің берік негізі.

    Экономикалық табыстардың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту.

    Экономиканың дамуы мен өнеркәсіптің өсуі қалаларымыздағы оң өзгерістерге жол ашуда. Жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындардың ашылуы қалаларға жаңа тұрғындардың келуіне ықпал етіп, құрылыс саласының дамуына серпін береді.

    Соңғы бес жылда облыс орталығының халқы 25 мыңнан астам адамға өсті.

    Кейінгі жылдары жыл сайын шамамен 80 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Құрылыс жұмыстары қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қарқынды жүргізілуде.

    Мәселен, 2023 жылдан бері ауылдарда шамамен 261,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1,2 мыңнан астам үй салынды.

    2023 жылдан бастап облыста 100-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 10 мектеп, 15 балабақша, 30-дан астам медициналық нысан, 40-қа жуық спорт нысаны және 8 мәдениет нысаны бар.

    Биыл тағы 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде.

    Жаңа мектептер, медициналық және спорт нысандары ауылдық жерлерде де салынып жатыр. Облыстың барлық дерлік ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды.

    Жаңа медициналық нысандардың ашылуы, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және скринингтік тексерулердің жүргізілуі нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығы 1992 жылғы 68 жастан 2025 жылы 74,9 жасқа дейін өсті.

    Соңғы үш жылда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 38,4 пайызға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 29 пайызға, туберкулезден, жарақаттар мен жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 31 пайызға төмендеді.

    Қатерлі ісіктердің ерте сатысында анықталу көрсеткіші 28 пайызға артты. Бұл скринингтік бағдарламалардың тиімділігін және медицина қызметкерлерінің онкологиялық ауруларға қатысты қырағылығының жоғарылағанын көрсетеді.

    Мемлекет басшысы Қостанай облысының білім беру саласындағы жоғары нәтижелерін атап өтті.

    Мәселен, PISA-2025 халықаралық зерттеуінде облысымыз үш бағыт бойынша республикалық көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсіп, үздік үштікке енді. Оқу сауаттылығы бойынша екінші орынды, ал ғылыми сауаттылық пен есептерді цифрлық шешу бағыттары бойынша үшінші орындарды иелендік.

    Бұл – білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

    Соңғы үш жылда облыста 6,8 мың орынға арналған 10 жаңа мектеп ашылды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері ашылуда.

    Балаларға арналған қосымша білім беру орталықтары да дамып келеді. Қостанай қаласында 2023 жылдан бері IQostanay SMART орталығы жұмыс істейді. Мұнда 2 мың оқушы робототехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және инженерлік бағыттарды меңгеруде.

    Спорт саласының дамуы туралы айтқанда, ең алдымен, спорт инфрақұрылымының қалыптасуына тоқталған жөн. Өйткені спортшылардың жоғары дайындық деңгейі сапалы спорттық жаттығу базасына тікелей байланысты.

    Бүгінде облыстың барлық қаласы мен ауданында тұрғындар үшін спортпен шұғылдануға мүмкіндік артты.

    Соңғы жылдары 41 спорт нысаны салынып, қайта жаңғыртылды. Олардың қатарында 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және еліміздегі ең ірі жабық «Сегізаяқ» аквапаркі бар.

    Облыс орталығында көпфункционалды стадион мен заманауи үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысандар жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған жаңа алаңға айналады.

    Арқалық қаласында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.

    Сонымен қатар Қостанай қаласында жекпе-жек өнері залы, ал Тобыл қаласында Мемлекет басшысы қажеттігін атап өткен көпфункционалды спорт сарайы салынуда. Қазіргі уақытта өңірімізде мұндай ауқымдағы кешен жоқ.

    Спорт сарайының басты нысаны 3 мың көрерменге арналған трибуналары бар негізгі арена болады. Бұл кешен ірі спорттық жарыстарды, соның ішінде халықаралық деңгейдегі додаларды, концерттерді, форумдар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы облысымызда ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалады.

    Біздің басты міндетіміз – заман талабына сай дамып, өмірдің барлық саласына заманауи шешімдерді енгізу және әрбір тұрғын еліміздің дамуының нақты нәтижесін сезінетін жағдай қалыптастыру.

    Өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру.

    Қостанай облысы еліміздегі таза әрі жасыл өңірлердің бірі мәртебесін сақтап келеді. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және инвестициялық тартымдылықты нығайту мақсатында өңірдің заманауи келбетін қалыптастыруға басымдық берудеміз.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында өңіріміз отандық машина жасаудың орталығына, заманауи өндірістер, жоғары технологиялар мен жаңа индустриялық мүмкіндіктер шоғырланған аймаққа айналып келеді.

    Ал адами капитал Қостанай облысының басты бәсекелік артықшылығы болып отыр.

    Жерлестеріміздің еңбекқорлығы, халқымыздың бірлігі мен ортақ жұмысымыздың арқасында Тәуелсіз Қазақстанның дамуына бұдан да зор үлес қосатынымызға сенімдімін.

    Қадірлі қауым!

    Республика күні – бірлік пен жасампаздықтың, елдік рух пен игі істердің мерекесі.

    Бүгінде сіздердің қолдауларыңыздың, ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыздың арқасында толағай табыстарға қол жеткізіп келеміз. Еліміз жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басып, гүлденген Қазақстанды құру жолында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

    Табанды еңбек, өзара құрмет пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік бізді биік мақсаттарға жетелеп, ортақ мұраттарымызды жүзеге асыруға жол ашады деп сенемін.

    Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!

    Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

    Мереке құтты болсын!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысының әкімдігі" жаңалықтары