Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жыл соңына дейінгі міндеттер тақырыбында өткен аймақ әкімдігінің отырысында айтты. 2026 жылы Қостанайдағы индустриялық аймақ аумағын 400 гектардан 587 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданған.
Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл сайынғы өсімін 6%-ке қамтамасыз ету туралы міндет қойған еді. Облысымызда бұл тапсырма екі жыл бойы асыра орындалып келеді. 2024 жылы 8%-тен асты, 2025 жылы 9%-ке жетті. Биылғы міндетіміз – кемінде 6% өсім. Былтыр экономика 9%-ке жетті.
Экономиканың негізгі қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Оның облыс өнеркәсібіндегі үлесі 73%-ті құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібінің өсуі жаңа өндіріс орындарын ашуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейтуге қолайлы жағдай жасауға тікелей байланысты.
«Осындай маңызды құралдардың бірі – Қостанай қаласындағы индустриялық аймақ. 2026 жылы оның аумағын 400 гектардан 587 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа инвестициялық жобаларды тартуға және өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуына мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы.
Жиында ауыл шаруашылығы мәселелері де кеңінен талқыланды. Себебі бұл – экономиканың екінші негізгі саласы. Биыл ауыл шаруашылығының өсімі 11,4%-ды құрады. Соңғы екі жылда Ел Президентінің тапсырмасына сай агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қомақты қаражат бөлінуде. Атап айтқанда, 2025 жылы 207 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 326 млрд теңгеге жетті. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын, қосалқы бөлшектерді, тыңайтқыштар мен тұқымдарды уақытылы сатып алуға және көктемгі егіс науқанына сапалы дайындалуға толық мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта облыста 16 тауарлы сүт фермасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Оның 8-і пайдалануға берілді, тағы 5 ферманың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 3 ферманың құрылысын бастау жоспарланып отыр. Аталған 16 ферманың 5-еуі – Алтынсарин ауданында, Меңдіқара және Федоров аудандарында – 3 фермадан, Қостанай ауданында – 2, ал Қарабалық, Әулиекөл және Бейімбет Майлин аудандарында бір-бір ферма бар.
«Биыл мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Ол асыл тұқымды импорттық мал сатып алуға, жаңа фермалар салуға, соның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие беруді көздейді. Осы мақсаттарға облысқа 35 млрд теңге бағытталды. Кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі қарастырылған», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, «Жайлау» бағдарламасы аясында мемлекеттік сараптамадан өту міндеттілігі алынып тасталып, оның орнына жеке сараптама жүргізуге мүмкіндік берілді.
Бүгінгі таңда «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 8 өтінім түсті. Бұл жеткіліксіз. 10 ауыл шаруашылығы құрылымы сүтті және етті бағыттағы 5 150 бас ірі қара мал сатып алу туралы келісімшарт жасасты. Шаруашылықтар 2 540 бас мал алу үшін Австралияға барады. Алайда Жангелдин ауданының өкілдері аталған бағдарламалардың ешқайсысына қатысқан жоқ.
Жиынға қатысушылар тұрғын үй мәселесіне де тоқталды. Облыс әкімі қазіргі уақытта 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын, жыл соңына дейін 520 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді.
«Қазіргі уақытта 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың ең ірілері – Қостанай қаласындағы теннис орталығы, көпфункционалды стадион, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Астана» шағын ауданындағы спорт сарайы, Арқалық қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жабық хоккей корты. Соңғы үш жылда облыста 1 700 әлеуметтік пәтер берілді. Биыл тағы 1 336 пәтер беру жоспарланып отыр. Өткен жылы 540 пәтер берілді», – деді Құмар Ақсақалов.
Аймақ басшысы алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын, барлық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін үйлесімді жұмыс, әрбір басқарма басшысының, қала мен аудан әкімдерінің бар күшін жұмсауы және жеке жауапкершілігі қажет екенін тапсырды.







