Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырза Арқалық қаласына арнайы келді.
Мәртебелі мейман Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті. Елші Тобыл-Торғай өңірінің өнерімен танысты. Қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамов пен Қытайдың халық композиторы Сянь Синьхайдың шығармашылық мұрасына арналған тағылымды шараға қатысты.
Сянь Синьхайдың есімі Қостанай өңірімен тығыз байланысты. Ол облыстық филармонияның қалыптасуына үлес қосып, халық батыры Амангелді Имановтың ерлігіне арналған симфониялық туындыны дүниеге әкелді.
«Өнер – халықтарды жақындастыратын ортақ мұра. Ұлы тұлғалардың шығармашылығы Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Екі мемлекет арасындағы достық пен стратегиялық әріптестік нығайып, мәдени байланыстарымыз жаңа жетістіктермен толыға беретініне сенімдімін», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.









