Қарағандыда музыка, би мен түрлі халықтардың салт-дәстүрін тоғыстыратын «Toamna de Aur» («Алтын күз») фестивалі өтеді. Биыл «Біз әртүрліміз, біз теңбіз» ұранымен ұйымдастырылатын шара мәдени әралуандық пен инклюзивті шығармашылыққа арналады.
Фестиваль Республика күніне орайластырылған. Іс-шараны «Дакия» румын этномәдени бірлестігі ұйымдастырады.
Достық үйінің сахнасында «Жарқын» және «Қуаныш» ансамбльдері, сондай-ақ «Доруле» этнофольклорлық ансамблінің солистері өнер көрсетеді. Бағдарламаға BATYL JUREQ инклюзивті шығармашылық ұжымы да қатысады. Көрермендер өнердің баршаға ортақ екенін паш ететін қойылымдарды тамашалайды.
Фестивальдің тағы бір тақырыбы – қазақ және румын дәстүрлеріне ортақ өзара көмек пен қолдау көрсету құндылықтары. Ұйымдастырушылар музыка, би және еркін қарым-қатынас арқылы түрлі мәдениеттер мен ұрпақтарды біріктіретін ортақ құндылықтарды көрсетуді көздейді.
Құрметті қонақтар қатарында Румынияның Қазақстандағы елшілігінің, Қазақстан халқы Кеңесінің және Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері болады.
Фестиваль 24 қазанда сағат 16:00-де Шахтерлер даңғылы, 64 мекенжайындағы Достық үйінде өтеді. Кіру тегін.










