Қарағанды облысының Осакаров ауданында қазақ тазылардың аңшылық қасиеттерін сынауға арналған жарыс өтті. Додаға 23 тазы қатысып, алғырлығын, жүйріктігін, төзімділігі мен аң ізіне түсу шеберлігін көрсетті.

Сынақты Қазақстан кинологтар одағы ұйымдастырды.

Жарысқа Осакаров кентінен, көршілес аудандар мен қалалардан тазы баптаушылар мен аңшылар жиналды.

Қатысушылар екі бағыт бойынша сыналды. Алдымен иттердің аңды іздеп табу қабілеті бағаланса, екінші кезеңде олжаны қуу және ұстау шеберлігі сараланды. Тазылардың шапшаңдығы мен төзімділігіне қоса, аңшылық тәсілдерін дұрыс қолдануына да назар аударылды.

Сынақ қорытындысы бойынша Астанадан келген Данияр Молғаждаровтың Сұңқар атты тазысы бас жүлдені иеленді. Екінші орын Астанадағы Nomad ұлттық аңшылық клубының атынан қатысқан Адырнаға бұйырды. Ал Қарағанды қаласынан келген Рамазан Үсеевтің Көкжал атты тазысы үздік үштікті түйіндеді.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Жарысқа қатысқан барлық тазы иесіне дипломдар мен естелік кәдесыйлар берілді. Жарыстың негізгі мақсаты – қазақ тазысының ғасырлар бойы қалыптасқан аңшылық қасиеттерін сақтау, тұқымдық ерекшеліктерін дәріптеу және ұлттық аңшылық өнерге деген қызығушылықты арттыру.
Қазақстан кинологтар одағы мен Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімінің мәліметінше










