Республика күні қарсаңында Ақмола облысы Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында «AERONIX ASTANA» зауытының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Сағындық Серікбайұлы Шабаров, аудан прокуроры Талғат Жақыпбекұлы Оспанов және басқа да басшылық өкілдері қатысып, кәсіпорын ұжымын жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады.
2025 жылы құрылған «AERONIX ASTANA» компаниясы табиғи желдету жүйелеріне арналған ауа кіргізу клапандарын өндірумен айналысады. Жобаның жалпы құны 300 миллион теңгені құрайды. Өндірістік ғимараттың ауданы – 504 шаршы метр, жер учаскесінің көлемі – 1 гектар.
Кәсіпорынның іске қосылуы нәтижесінде шамамен 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жаңа зауыт отандық өндірісті дамытуға, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және Шортанды ауданының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосады.







