РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ұлттық спорт кешені пайдалануға берілді. Республика күні қарсаңында ашылған нысан ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыруға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған.

    Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға және жастарға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Түркістан өңірінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

    Жаңа нысан ұлттық мұраны дәріптеуге және жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен намысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кешенде балалар мен жасөспірімдердің қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және садақ ату спорт түрлерімен айналысуына барлық жағдай жасалған.

    Жергілікті бюджет есебінен салынған спорт кешенінің жалпы құны 619,5 млн теңгені құрайды. Нысан 0,7 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 820 шаршы метр. Мұнда тоғыз жаттықтырушының жетекшілігімен 300-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады.

    Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд теңгені құрайтын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда құны 5,4 млрд теңге болатын 31 нысан пайдалануға берілді. Өңірдегі 3 595 спорт нысанының 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

    Жаңа спорт кешенінің ашылуы ұлттық спорт түрлерін дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына және бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары