Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында және Республика күніне орай Шортанды ауданында 36 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл — аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам әрі жаңа қоныс иелері үшін ерекше қуанышты сәт.
Жалпы ауданы 1 875 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылдың тамыз айында аяқталды.
Пәтерлер жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлінді.
Жаңа тұрғын үй орталық инженерлік желілерге қосылған. Ауласы абаттандырылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасалған.
Салтанатты шара аясында аудан әкімі, Қоғамдық кеңес мүшелері және жаңа қоныс иелері ағаш отырғызу акциясына қатысты. Игі бастама елді мекеннің көркін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Ұлттық мереке қарсаңында жаңа баспананың кілттерін табыстау — елдіктің, әлеуметтік қолдаудың және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған игі істердің жарқын көрінісі.
Жаңа пәтер кілттерін алған тұрғындарды баспаналы болу қуанышымен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа үйлеріңіз құтты қонысқа айналып, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілейміз!








