*Баскөл ауылында заманауи мал бордақылау алаңы ашылды*
Ақмола облысы Шортанды ауданының Пригородный ауылдық округіне қарасты Баскөл ауылында мал бордақылауға арналған заманауи нысанның ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шарада Шортанды ауданының әкімі Сағындық Серікбайұлы Шабаров ауыл тұрғындарын Қазақстан Республикасы күні мерекесі қарсаңында ашылып отырған жаңа нысанмен құттықтап, жобаның ауыл шаруашылығын дамытудағы маңыздылығын және
нәтижесінде шамамен 10 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және олардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған маңызды үлес болмақ.
«Басколь 2012» ЖШС басшысы Есенжол Түскенұлы Бекішевтің айтуынша, кәсіпорын 2012 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп келеді. Жаңа жоба мал шаруашылығын дамытуға, өндірістік қуаттылықты арттыруға және жергілікті өндірісті қолдауға бағытталған.
Өндірістік кешеннің құрамына жалпы ауданы 940 шаршы метрді құрайтын жабық ғимарат және әрқайсысының ауданы шамамен 430 шаршы метр болатын екі ашық қора кіреді. Нысан маусымдық жағдайлар мен қажеттіліктерді ескере отырып, шамамен 200 жылқыны ұстауға есептелген. Сонымен қатар мұнда бір мезгілде 100 басқа дейін жылқыны бордақылауға мүмкіндік бар.
Жаңа кешен малды бордақылаумен қатар, оны күтіп-бағу және қыстату жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мал басын кезең-кезеңімен жаңартып отыру арқылы жыл бойы үздіксіз өндірістік үдерісті қамтамасыз етуге жағдай жасалған.
Мұндай бастамалар ауданның экономикалық әлеуетін нығайтып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына тың серпін береді.








