2026 жылғы 23 қазанда NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг Астана қаласына сапармен келді. Сапар Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға және елдің физикалық жасанды интеллект (Physical AI) бағытындағы әлеуетін дамытуға арналды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен келген Дженсен Хуанг alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында болды. Сапар барысында Қазақстанның ұлттық AI стратегиясы, есептеу инфрақұрылымы, IT экожүйесі және отандық технологиялық компаниялардың әзірлемелері таныстырылды.
Кездесу барысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, энергетикада, көлікте және робототехникада қолдану, жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Қазақстан физикалық жасанды интеллектіні дамыту үшін энергетикалық ресурстарды, өнеркәсіптік әлеуетті, стратегиялық географиялық орналасуды және қалыптасып келе жатқан технологиялық экожүйені ұштастыруға басымдық береді. Бұл бағыт өнеркәсіпті жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сапар аясында Қазақстанның IT экожүйесінің жетістіктері де таныстырылды. Атап айтқанда, қазақстандық мамандар мен халықаралық нарықта жұмыс істейтін технологиялық компаниялардың әлеуеті, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы білім беру және кадр даярлау бастамаларына назар аударылды.
Дженсен Хуангтың сапары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық әріптестігін кеңейтуге, озық технологияларды енгізуге және елдің жаһандық цифрлық экономикадағы орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.









