«OQ Startup» шығармашылық байқауы: шетелдегі қазақ жастарының жобаларына қолдау көрсету
«Отандастар қоры» шетелде тұратын қазақ жастары арасында үздік жобаларға арналған «OQ Startup» шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды.
Байқаудың негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ жастарының ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық әрі әлеуметтік бағыттардағы бастамаларын қолдау, олардың жобаларын Қазақстанда ілгерілетуге ықпал ету, сондай-ақ жас отандастар арасындағы кәсіби және шығармашылық байланыстарды нығайту.
Байқауға шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын 15–30 жас аралығындағы қазақтар қатыса алады.
Қатысушылар іске асырылып жатқан немесе болашақта жүзеге асыру жоспарланған жобаларын ұсына алады. Қабылданатын жұмыстар ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және өзге де шығармашылық әрі әлеуметтік салаларды қамтиды.
Байқауға қатысу үшін жобаның таныстырылымын және оның мазмұнын ашатын қысқаша сипаттамасын ұсыну қажет. Таныстырылым ұзақтығы 2 минуттан аспайтын бейнеролик немесе 10 слайдтан аспайтын презентация түрінде қабылданады. Жобаның сипаттамасында оның өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, мақсатты аудиториясы, іске асыру тетігі мен мерзімі, күтілетін нәтижелері және қажетті ресурстары көрсетілуі тиіс. Қаржыландыру қажеттілігі болған жағдайда, сұралатын қаражат көлемі мен егжей-тегжейлі шығындар сметасы ұсынылады.
Іске асырылып жатқан жобалар бойынша қол жеткізілген нәтижелер, негізгі жетістіктер және одан әрі даму жоспарлары көрсетілуі қажет.
Өтінімдер 2026 жылғы 30 қазанға дейін қабылданады. Жоба материалдарын [email protected] электрондық поштасына жіберу қажет. Өтінімде қатысушының аты-жөні, азаматтығы, оқитын университеті, оқу жылы және жасы көрсетілуі тиіс.
Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады. Байқауға қатысу үшін ұсынылған материалдарды «Отандастар қорының» ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде (Facebook, Instagram және Telegram) жариялауға келісім беріледі.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мынадай сыйлықтар табысталады:
- I орын – ноутбук және диплом;
- II орын – планшет және диплом;
- III орын – смарт-сағат және диплом;
- арнайы марапат – дәстүрлі «Бестемше» үстел ойыны және марапаттау сертификаты.
Жеңімпаздарды байқау аяқталғаннан кейін 30 күн ішінде қазылар алқасы анықтайды.
«OQ Startup» байқауы шетелдегі қазақ жастарының әлеуетін ашуға, олардың шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға, сондай-ақ Қазақстанмен мәдени және кәсіби байланыстарын нығайтуға бағытталған.
Өтінім беру мерзімі: 2026 жылғы 30 қазанға дейін.









