Республика күніне арналған «25 қазан – 25 шақырым» онлайн-марафонына 2 200-ден астам адам қатысты

    1 / 4

    Астанада Республика күніне орай қала әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған «25 қазан – 25 шақырым» онлайн-марафоны өтті. 25 күнге созылған марафон бұқаралық спортты насихаттауға, тұрғындар арасында спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Марафон аясында қатысушылар жүгіру немесе жаяу жүру бағыттарының бірін таңдай алды. Бастамаға барлығы 2 294 адам қатысты. Оның ішінде 1 485 адам жүгіруді, ал 809 адам жаяу жүруді таңдады.
    Марафон еліміздің түрлі өңіріндегі тұрғындардың басын қосты.

    Қатысушылардың шамамен 90 пайызы Астана қаласының тұрғыны болса, қалған 10 пайызы Қазақстанның басқа өңірлерінен, соның ішінде Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Атырау қалаларынан қатысты.

    Марафон бойы қатысушылар әлеуметтік желілерде өз жетістіктерін бөлісіп, спортты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға болатынын көрсетті.

    Осы жазда Алматыдан Астанаға көшіп келген Альбина Келгенбаева марафонның әсерімен бөлісті.

    «Елордада спорттың қаншалықты қарқынды дамып жатқанын және қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына қаншама мүмкіндік бар екенін көріп, қатты қуандым. Әріптесім маған «25 қазан – 25 шақырым» челленджі туралы бейнеролик жібергенде, көп ойланбастан қатысу туралы шешім қабылдадым.

    25 шақырымды небәрі үш күнде жүріп өтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысқан 890 адамның арасында 64-орынға ие болдым. Өзімді мақтан тұтамын. Осындай тамаша бастама көтерген Астана қаласының әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс айтамын.

    Бұл челлендж мен үшін жай ғана спорт жарысы емес, өз ерік-жігерімді, тәртібім мен табандылығымды тексеруге мүмкіндік болды. Ол маған алға ұмтылуға, денсаулығыма көңіл бөлуге және қол жеткізген жетістіктеріммен тоқтап қалмауға қосымша мотивация берді.

    Осы челлендждің бір бөлігі болған баршаңызға рақмет! Өйткені спорт – өмір мен қозғалыс!» – деді қатысушы.
    Ұйымдастырушылар марафонның аяқталуы жолдың соңы емес, жаңа жетістіктерге бастайтын тағы бір қадам екенін атап өтті.

    Мұндай бастамалар адамдарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, белсенді болуға ынталандырады әрі салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары