Қазақстан бойынша «Дала дәмі» жәрмеңкелерінде 7,5 мың тоннадан астам өнім ұсынылды

    1 / 8

    Қазақстанда «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде. Осы аптада еліміздің барлық өңірлеріндетұтынушыларға 7,5 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімі ұсынылды. Оның 3 мың тоннадан астамы Астана қаласына тиесілі.

    «Дала дәмі» жәрмеңкелері еліміздің барлық өңірінде өткізіліп, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қолжетімді бағада қамтамасыз етуге, отандық тауар өндірушілерді қолдауға және фермерлер ментұтынушылар арасындағы тікелей сауданы дамытуға бағытталған. Бұл формат өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз сатуға, ал тұрғындарға балғын әрі сапалы азық-түлікті тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді.

    Жәрмеңкелер өтетін ірі алаңдардың бірі Астана қаласы. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген шаруалар өз өнімдерін тұрақты түрде ұсынуда.

    Мәселен, осы демалыс күндері, 24-25 қазанда, елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда. Екі өңірден жеткізілген өнімнің жалпы көлемі 3 мың тоннадан астам.

    Еске салайық, Астанада өңіраралық жәрмеңкелер 19 қыркүйектен бері өтуде. Осы уақыт аралығында мұнда еліміздің түрлі облыстарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

    Атап айтқанда, 19-20 қыркүйекте Қызылорда және Атырау облыстарының, 3-4 қазанда Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының, 10-11 қазанда Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының фермерлері өз өнімдерін ұсынды. 17-18 қазанда елордаға Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері келді.

    «Дала дәмі» жәрмеңкелерін өткізу отандық өндірушілердің нарығын кеңейтуге, өңіраралық сауданы дамытуға және халық үшін азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары