Концерттер, акциялар мен патриоттық челлендж: Астанада Республика күні қалай атап өтілді

    1 / 15

    Астанада Республика күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік бағдарлама аясында елорда тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан мәдени-танымдық, ағартушылық, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Мерекеге орай ұйымдастырылған бастамалардың бірі – «Менің Қазақстаным» патриоттық челленджі. Оған мәдениет қайраткерлері, спортшылар, оқушылар, жастар мен елорда тұрғындары қатысты. Қатысушылар әлеуметтік желілерде Отанға деген махаббат, халықтың бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызы туралы ойын жеткізген бейнеқұттықтауларын жариялады.

    Елордаға келген шетелдік туристер де назардан тыс қалған жоқ. Республика күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері Астана халықаралық әуежайында акция өткізді.

    Олар қалаға келген қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік тулары мен шоколад таратып, ерекше көңіл күйге бөледі.

    Астана мектептерінде сынып сағаттары өтіп, оқушыларға Республика күнінің тарихы мен маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ пікірсайыстар, «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауы, викториналар мен зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Достық үйінде ғылыми-сараптамалық топ өкілдерінің қатысуымен конференция өтсе, Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушыларға арналған «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтті.

    Қаланың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына келушілер үшін концерттер, шығармашылық кездесулер мен тақырыптық бағдарламалар ұйымдастырылды.

    Мерекелік іс-шаралар аясында көрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен әлеуметтік акциялар да өтті.

    Бұдан бөлек, Республика күні қарсаңында Астанада көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.

    «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық акцияларға 7 мыңнан астам адам қатысты. Елордада алма, қарағаш және қайың сияқты 370-ке жуық ағаш отырғызылды.

    Концерттік бағдарламалар Өнеркәсіп, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, Көктал-1 тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында, сондай-ақ «Қорғалжын» және «Айғыржал» гүлзарларында өтті. Мерекелік іс-шаралар «Жастар» және «Ататүрік» саябақтарында, Бағыстан және Жағалау тұрғын алаптарында, Отау шағынауданында және Қалалық алаңда жалғасты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары