ШҚО тұрғындары бағдарламалау мен жасанды интеллектіні тегін меңгере алады

    Шығыс Қазақстан облысында бағдарламалау мен жасанды интеллектіні тегін меңгеруге, технологиялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік беретін білім беру бастамалары жүзеге асырылып жатыр.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде айтылды.

    Солардың бірі – Astana Hub экожүйесінде Alem.ai Foundation қоры жүзеге асыратын Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі. Облыс әкімдігінің қолдауымен жұмыс істейтін мектеп 2026 жылғы 24 наурызда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ашылды. Алғашқы кезеңде оқуға 200-ден астам өтінім түскен.

    Бағдарламаға 15 жастан асқан кез-келген азамат қатыса алады. Алдымен олар төрт апталық іріктеу курсынан өтеді. Іріктеуден өткендер 18 айлық негізгі бағдарламаны меңгереді. Оқу барысында 50-ден астам практикалық жоба орындап, заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануды үйреніді. Оқу тегін, ал мектеп кампусы тәулік бойы ашық.

    Tomorrow School өңірлік жетекшісі Антон Чухрайдың айтуынша, алғашқы лекке қатысқан 60-тан астам адам қыркүйек айында іріктеу кезеңін аяқтаған. Екінші лекке 70-тен астам адам қатысып, қазір олар да қарқынды курсты аяқтауға жақын. Қазіргі уақытта үшінші лекке қабылдау жүріп жатыр. Таныстыру кездесуі 23 қазанда өтеді. Ал іріктеу курсы 26 қазаннан 21 қарашаға дейін жалғасады.

    Алған білімді тәжірибеде қолдануға Өскемендегі Astana Hub өңірлік филиалы – Oskemen Hub көмектеседі. Хаб жастарды, IT мамандарын, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарды біріктіріп, нақты міндеттерді шешуге және технологиялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

    Мұнда он күндік хакатондар өтеді. Қатысушылар ұйымдардың сұранысына сай цифрлық шешімдер әзірлейді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының сұранысы бойынша Clean Streets қосымшасы жасалды. Ол картадан проблемалық орындарды белгілеуге, өтініш қалдыруға және фотосуреттер тіркеуге мүмкіндік береді. Ал «APPETIT» жобасының командасы он күн ішінде жеткізу қызметіне арналған сайт пен мобильді қосымша әзірледі.

    Бұдан бөлек, облысқа қарасты аудандарда хабтар ашу жоспарланып отыр. Бұл ауыл жастарының IT-білім мен практикалық сабақтарға қолжетімділігін арттырып, технологиялық дағдыларын дамытуға және өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашады.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары