Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 41 елді мекен интернетпен қамтылды

    1 / 10

    Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиын барысында жазғы туристік маусымның қорытындылары мен өңір елді мекендерін антенна-мачталық құрылымдар салу арқылы мобильді интернетпен қамтамасыз ету жайы талқыланды.

    ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің айтуынша, аймақта 447 орналастыру нысаны жұмыс істейді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64-ке артық. Қонақтарды бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы 5,8%-ға артып, 22,3 мың төсек-орынға жетті.

    «Биылғы жарты жылдың ішінде Шығыс Қазақстанға келген туристер саны 195,6 мың адамды құрады, оның ішінде 188,9 мың адам - отандық туристер, 6,7 мың адам - шетелдіктер. Туристік саланың инвестициялық пулына 2030 жылға дейін іске асырылатын жалпы сомасы 123 млрд теңгені құрайтын 30 жоба енгізілген. Бұқтырма су қоймасына және Ұлан ауданының көлдеріне апаратын жолдар бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. «Рахман қайнарлары» шипажайына апаратын жол учаскесінің құрылысы аяқталды», - дейді ол.

    «Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары» республикалық тасжолдың Тереңсай (Осинов) асуын айналып өтетін учаскесіндегі көпір құрылысы аяқталу сатысында. Берел ауылы маңындағы Язовое көліне апаратын Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір құрылысы жалғасып жатыр.

    Танымал туристік орындарда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде 20 шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылып, ұзындығы 12 шақырым электр беру желісі салынды. «Голубой залив» және «Жаңа Бұқтырма» қосалқы электр станциялары қайта жаңғыртылды.

    Электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу мақсатында инвесторлар қаражаты есебінен Катонқарағай және Марқакөл аудандарында 11 шағын су электр станциясын салу жоспарланып отыр. Туристік аймақтарды ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

    «Жыл басынан бері 41 ауылға интернет тартылды. Осылайша, бүгінде облыстағы 349 елді мекеннің 307-сі интернетпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 6 қала және 301 ауыл бар, бұл аймақ халқының 99%-ын қамтиды. Қалған 42 шағын және шалғай елді мекенді қамту географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерді ескере отырып, жеке техникалық шешімдер негізінде жүзеге асырылады», - деді ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимағамбетов.

    Оның айтуынша, Өскеменде «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС 5G стандартының 88 базалық станциясын іске қосты. Биылғы жылдың соңына дейін оператор тағы 5 базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Байланыс сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, облыс аумағын қамтудың цифрлық картасы өзектендірілуде.

    Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Көккөл сарқырамасына апаратын Ақ Берел өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу қажеттігін атап өтті.

    «Туризм, жолаушылар көлігі, энергетика, цифрландыру басқармалары қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, туризмді дамытуға қажетті басым инфрақұрылымдық жобалар тізбесін әзірлеуі тиіс. Әкімдер байланыс операторларына байланыс нысандарын салуға қажетті рұқсат беру рәсімдерінен өту барысында тиісті көмек көрсетіңіздер. Өскеменде мобильді байланыспен қамтудың «ақ дақтарын» жою іс-шараларын жалғастырыңыздар. Енді қалған 42 шағын және шалғай елді мекенді интернетпен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек», - деді облыс әкімі.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары