Астанада өтіп жатқан ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында «Бюджеттік шектеулерден тыс: қауіпсіздік жүйесін жаңғыртудың тұрақтылығын қамтамасыз ету» тақырыбындағы панельдік сессияда қатысушылар қаржылық, кадрлық және уақыт ресурстары шектеулі жағдайда заманауи авиациялық қауіпсіздік жүйелерін дамыту және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Авиациялық қауіпсіздік шаралары тікелей жүзеге асырылатын және қабылданған шешімдердің тиімділігі іс жүзінде сыналатын әуежайлардың рөліне ерекше назар аударылды. Заманауи инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстап тұру жабдықтар мен технологияларды уақтылы жаңартуды ғана емес, сонымен қатар персоналдың кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде дамытуды, рәсімдерді жетілдіруді және енгізілетін шешімдердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуді талап етеді.
Сессияны ашқан Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел авиациялық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту қолда бар ресурстарды тиімді басқаруды қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Еуразияның негізгі транзиттік бағыттары тоғысқан жерде орналасқан Қазақстан үшін заманауи қауіпсіздік жүйелерін дамыту айрықша маңызға ие.
«Нағыз жаңғырту – жаңа жабдық сатып алумен шектелмейді. Бұл мәселеге кешенді көзқараспен қарауды, тәуекелдерді азайтуды, тұрақты техникалық қызмет көрсетуді, персоналды оқытуды, жүйелерді өзара ықпалдастыруды және ұзақ мерзімді тиімділікті қамтамасыз етуді білдіреді. Сонымен қатар біз өзімізге қарапайым сұрақ қоюымыз керек: қолымыздағы құралдар мен мамандардың әлеуетін барынша тиімді пайдаланып жүрміз бе? Үкіметтер, ұйымдар, реттеуші органдар, әуежайлар және салалық серіктестер арасындағы шекараларды еңсеріп, бірлесе жұмыс істеу арқылы ортақ мәселелерді әрқайсымыз жеке әрекет еткеннен әлдеқайда тиімді шеше аламыз», – деді М. Дэниел.
Dubai Airports (БАӘ) компаниясының Ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі директоры Бути Ахмед Курваш авиациялық қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртуды жоспарлау кезінде әуежай құрылысының құнын ғана емес, оны пайдалануға, кадрлармен қамтамасыз етуге және жаңа шешімдерді енгізуге жұмсалатын ұзақ мерзімді шығындарды да ескеру қажеттігін атап өтті. Қаржыландыру шектеулі жағдайда инвестициялар ең алдымен тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін шараларға бағытталуы тиіс.
Өз кезегінде Астана әуежайының бас директоры Бекен Сейдахметов авиация саласындағы бірыңғай стандарттардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық авиация жүйесінің бір буынындағы қауіпсіздік деңгейі бүкіл халықаралық желінің тұрақтылығына әсер етеді.
«Мемлекет басшысы еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту, халықаралық авиациялық хабтарды дамыту, бағыттар желісін кеңейту және әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде жүйелі түрде міндеттер қойып келеді. Практикалық бағыттардың қатарында Астана әуежайын дамыту, өңірлердегі нысандарды салу және жаңғырту, ел аумағының көліктік байланысын арттыру, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіру бар. Бұл бастамалар сала үшін жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, біздің жауапкершілігімізді де арттырады. Инфрақұрылымды дамыту сенімді, орнықты әрі заманауи авиациялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастырумен қатар жүруі тиіс».
Панельдік сессияға қатысушылар қолда бар ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалану, мемлекеттік органдар, әуежайлар, авиакомпаниялар және халықаралық ұйымдар арасындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін де қарастырды.
Cargolux Airlines International S.A. (Люксембург) компаниясының корпоративтік қауіпсіздік жөніндегі директоры Ив Мабб инвестицияларды жоспарлау мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты кез келген шешім тәуекелдерді бағалау нәтижелеріне негізделуі тиіс деген пікір білдірді:
«Жаңа қауіптердің пайда болуы тиісті технологияларды енгізуді талап етеді, ал анықталған кемшіліктерді жұмыс процестерін жетілдіру арқылы жою қажет. Әрине, біз өзімізге барынша қолайлы технологиялық шешімдерді таңдау мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Алайда жүк әуе тасымалдары саласында қолданылатын көптеген технологиялар бастапқыда жолаушылар авиациясына арналып әзірленіп, кейін біздің қажеттіліктерімізге бейімделген. Бұл үдеріс уақытты талап етеді. Сондықтан бүгінде жүк тасымалдаушылар үшін мүлде жаңа технологияларды енгізуден гөрі қолданыстағы жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оларды үздіксіз жетілдіру жолдарын іздеу маңыздырақ».
Еуропалық азаматтық авиация конференциясының (ECAC) авиациялық қауіпсіздік саласындағы саясат мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Артём Мельник авиациялық қауіпсіздік технологияларын енгізудегі еуропалық тәжірибемен бөлісті. Ол халықаралық ынтымақтастықтың және жабдықтарды сынау нәтижелерін өзара танудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай тәсіл қайталама тексерулерді болдырмауға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және тиімділігі сынақтар арқылы расталған шешімдерді енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сессия барысында авиациялық қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту мәселелері стратегиялық жоспарлау мен қаржыландырудан бастап, инфрақұрылымды пайдаланудың практикалық міндеттері мен мамандарды даярлауға дейін жан-жақты қарастырылды.
Қатысушылар сарапшыларға белсенді түрде сұрақтар қойып, пікірталасқа қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Мұндай формат авиациялық қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртудың практикалық аспектілерін тереңірек талқылауға және саланың өзекті мәселелерін шешудің тиімді тәсілдерін қарастыруға мүмкіндік берді.









