Астанада өтіп жатқан ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында кадрлық әлеуетті дамытуға және авиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға арналған «Авиация персоналының келесі буыны (AVSEC NGAP)» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Талқылаудың негізгі тақырыптары ИКАО-ның мамандар даярлау жөніндегі жаңа стратегиясы, кадр тапшылығын еңсеру және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында саланың тұрақты кәсіби әлеуетін қалыптастыру болды.
Пікірталасқа ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және іске асыру бюросы директорының орынбасары Мигель Марин, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және формальдылықтарды жеңілдету мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Соня Хифди, сондай-ақ Қазақстан авиация саласының жас мамандары – Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Валерия Харламова мен Олжас Қуаныш қатысты.
Қатысушылар кадр ресурстарын стратегиялық жоспарлау, құзыреттілікке негізделген оқытуды енгізу, кәсіби өсуге жағдай жасау және авиация саласының жастар үшін тартымдылығын арттыру мәселелерін қарастырды. Тәлімгерліктің, халықаралық тәжірибе алмасудың және жас мамандардың мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сессияны ашқан ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар әлемдік авиацияның болашағын қалыптастыруға жастарды тартудың айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жас мамандардың саланы дамытуға қатысты өзіндік көзқарасы бар және олардың пікірі халықаралық деңгейде ескерілуі тиіс. Ол мұндай кездесулер ұрпақтар арасындағы диалог үшін маңызды алаң қалыптастырып, жас мамандарға авиациялық қауіпсіздіктің стратегиялық мәселелерін талқылауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретінін айтты.
Валерия Харламова авиациялық қауіпсіздік саласындағы жұмыс кәсіби құзыреттерді ғана емес, күнделікті өмірде де қажетті маңызды қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыратынын атап өтті.
«Халықаралық тәжірибе алмасу жас қызметкерлер үшін ерекше маңызды. Ол жаңа тәсілдерді табуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде саланы одан әрі дамытуға бағытталған тың идеялар туындайды», – деді В. Харламова.
Өз кезегінде Олжас Қуаныш авиация саласы жастарды үздіксіз дамуымен, жаңа міндеттерімен және кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерімен қызықтыратынын атап өтті.
«Авиация адамдар мен елдерді біріктіріп, әлемнің әртүрлі өңірлері арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Бұл – өз кәсібіңді тауып, бүкіл өміріңді арнауға болатын сала», – деді ол.
Ашық пікірталас барысында Кабо-Верде Азаматтық авиация басқармасының Авиациялық қауіпсіздік және формальдылықтарды жеңілдету департаментінің директоры Анисио Алмейда білікті кадрларды сақтап қалу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, авиациялық қауіпсіздік мамандарын даярлау елеулі күш-жігерді талап етеді. Алайда қызметкерлердің бір бөлігі кейіннен басқа салаларға, атап айтқанда, туризмге ауысады.
Ол мамандарға авиация саласының өзінде кәсіби өсу мүмкіндіктерін көруге жағдай жасайтын тәлімгерлік жүйесі мен нақты мансаптық перспективаларды қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Бұл мәселеге жауап берген ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және іске асыру бюросы директорының орынбасары Мигель Марин кадрлардың саладан кету себептерін жан-жақты талдау қажеттігін айтты. Ықтимал шешімдердің бірі ретінде ол авиация саласындағы кәсіби ұтқырлықты атады. Бұл тәсіл мамандарға қосымша даярлықтан өтіп, жаңа лауазымдарға ауысуға және қызметтің сабақтас бағыттарын меңгеруге мүмкіндік береді.
Пікірталас барысында ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының өңірлік директоры Николас Ралло авиация саласының кадрлық әлеуетін дамытуда халықаралық ынтымақтастық пен мемлекеттерге қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан ИКАО-ның 56 елді қамтитын Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының (EUR/NAT) серіктестерінің бірі болып табылады және азаматтық авиацияны дамытуда нақты стратегиялық көзқарас танытып отыр.
Ол Қазақстанмен бірлескен жұмыс саланың кәсіби әлеуетін нығайтуды, әртүрлі бейіндегі мамандарды даярлауды және киберқауіпсіздікті қоса алғанда, жаңа бағыттар бойынша құзыреттерді дамытуды көздейтін кешенді мастер-жоспар әзірлеуге бағытталғанын атап өтті.
Сессия барысында мемлекеттердің кадрлық әлеуетін дамытуға халықаралық қолдау көрсету, оның ішінде стратегиялық жоспарлар әзірлеу, кәсіби құзыреттерді жетілдіру және киберқауіпсіздік сияқты жаңа бағыттарды дамыту мәселелері де талқыланды.
Пікірталасты қорытындылаған Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев білікті мамандар даярлау мен жастарды салаға тарту отандық авиацияның орнықты дамуының аса маңызды шарттары болып қала беретінін атап өтті.
«Қазақстан үшін адами капиталды дамыту – азаматтық авиация саласындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінде салада 23 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 3 500-ден астамы – авиациялық қауіпсіздік мамандары. Олардың кәсібилігі мен біліктілігі қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады», – деді вице-министр.
Сессия қатысушылары авиациялық қауіпсіздіктің болашағы заманауи технологияларды енгізу мен халықаралық стандарттарды жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар саланың білікті мамандарды тарту, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және кадрлық әлеуетті сақтап қалу қабілетіне де байланысты екені жөнінде ортақ пікірге келді.
Мамандардың жаңа буынын даярлау, кәсіби тәжірибе сабақтастығын қамтамасыз ету және жастардың мүмкіндіктерін кеңейту болашақтағы орнықты әрі қауіпсіз авиация жүйесін қалыптастырудың маңызды құрамдас бөліктеріне айналады.









