Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 115-бабында салықтық есептілікті ұсынуға қойылатын негізгі талаптар белгіленген.
1. Есептілік нысандарын таңдау
Салықтық тіркеуден өткеннен кейін салық төлеуші веб-қосымшада ұсынуға міндетті салықтық есептілік нысандарын көрсетеді. Қызмет түрлері өзгерген жағдайда, есептілікті ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін тиісті нысандар тізбесін жаңарту қажет.
2. Есептілікті ұсыну тәсілдері
Салықтық есептілік қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат түрінде ұсынылады. Электрондық есептілікті мынадай тәсілдермен ұсынуға болады:
▪️ веб-қосымша арқылы;
▪️ салық төлеушінің мобильді қосымшасы арқылы;
▪️ салық органының ақпараттық жүйесіне қосылған сыртқы ақпараттық жүйелер арқылы.
3. Есептіліктің дұрыстығын бақылау
Салықтық есептілік толтырудың толықтығы мен дұрыстығын тексеретін форматтық-логикалық бақылаудан өтеді. Бұл бақылау қателерді, толтырылмаған деректерді және белгіленген талаптарға сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Маңызды! Салықтық есептілікке форматтық-логикалық бақылау нәтижесінде «Құжат қабылданды» мәртебесі берілген жағдайда ғана ол ұсынылды деп танылады. Ал «Құжат қабылданбады» мәртебесі берілсе, есептілік ұсынылмаған болып есептеледі.
4. Автоматты түрде қалыптастырылатын нөлдік есептілік
Бастапқы немесе кезекті салықтық есептілік белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, салық органының ақпараттық жүйесі тиісті салық кезеңі үшін нөлдік көрсеткіштері бар есептілікті автоматты түрде қалыптастырады.
Егер салық салу объектісі немесе салық салуға байланысты объект болса, салық төлеуші тиісті кезең үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
5. Есептілікті қабылдамау негіздері
Салық органы мынадай жағдайларда есептілікті қабылдамайды:
▪️ белгіленген нысанға сәйкес келмесе;
▪️ міндетті сәйкестендіру деректері немесе қажетті деректемелер көрсетілмесе не қате көрсетілсе;
▪️ қажетті қолтаңба болмаса немесе заңнамада көзделген жағдайларда мөрмен куәландырылмаса;
▪️ қосылған құн салығы бойынша есептілікке міндетті тізілімдер қоса берілмесе;
▪️ жеке тұлғалардың кірістері бойынша есептелген салықтар мен әлеуметтік төлемдер тиісті тәртіппен көрсетілмесе.
6. Есептілікке өзгерістер енгізу және оны кері қайтарып алу
Салық төлеуші белгіленген тәртіппен салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.
Сонымен қатар, салықтық есептілік, әдетте, кері қайтарып алынбайды. Бұған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш ерекшелік болып табылады. Оны кері қайтарып алу Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 532-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ұсыныс: Салықтық есептілікті жібермес бұрын барлық деректердің дұрыстығын тексеріп, оның қабылданғаны туралы мәртебені міндетті түрде бақылаңыз.









