Қазақстан мен Сингапур азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

    1 / 2

    Астанада ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Сингапурдың азаматтық авиация басқармасы (CAAS) өкілдерінің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар техникалық ынтымақтастықты дамыту, авиация мамандарын даярлау және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

    Келіссөздерге Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел және CAAS авиацияны дамыту жөніндегі Аға Директоры Сидни Ко қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан ұшу қауіпсіздігі жөніндегі атқарушы директор Аслан Сатжанов, Ұшуға пайдалану департаментінің директоры Зиа Уль Кабир және Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Руслан Сарин қатысты.

    Кездесу барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен CAAS арасындағы оқыту саласындағы қолданыстағы Өзара түсіністік туралы меморандумның мерзімін ұзарту және ынтымақтастық бағыттарын кеңейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда,тәуекелге негізделгенқадағалау салаларында тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары мен мамандары үшін Сингапур авиация академиясының (SAA) базасында мамандандырылған тренингтер мен тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.

    Тараптар авиациялық қауіпсіздік, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалау, оның ішінде ИКАО-ның Үздіксіз мониторинг тетігі шеңберіндегі әмбебап тексерулер бағдарламасы (USOAP-CMA) қамтитын бағыттар, сондай-ақ аэронавигациялық жүйелерге қызмет көрсету және авиациялық инновациялар бойынша даярлау бағдарламаларын кеңейтуге қызығушылық білдірді.

    Сингапур тарапы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен CAAS басшылығы деңгейінде жыл сайынғы диалог форматында кездесулер өткізуді ұсынды. Бұл формат тұрақты тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықтың басым бағыттарын келісуге және бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

    Талқыланған ынтымақтастық бағыттары халықаралық стандарттар мен озық тәжірибені ескере отырып, авиация мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға және Қазақстанның азаматтық авиация саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары