ШҚО-да мектеп оқушыларына діни сауаттылық пен интернеттегі қауіпсіздік туралы айтылды
Заң мен тәртіп қағидаты құқықтық мәдениет пен өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудан басталады. Осы бағытта ШҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Өскемен қаласындағы Ахмер орта мектебінің 9-сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесуге басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ринат Құсметов және ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының маманы Ринат Назарбеков қатысты.
Кездесу барысында қазіргі діни ахуал, діни сауаттылықтың маңызы және интернет арқылы жасөспірімдердің деструктивті ағымдардың ықпалына түсу қаупі талқыланды. Сондай-ақ ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, қауіпті үндеулерді ажырата білу және өзгенің теріс ықпалына ермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мұндай кездесулер жастардың ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар табуына, саналы шешім қабылдауына және заң талаптарын сақтаудың маңызын түсінуіне ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









