Республика күні қарсаңында ШҚО-ның 22 полицейі ант қабылдады

    1 / 11

    Республика күні қарсаңында ШҚО-ның 22 полицейі ант қабылдады

    Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің алаңында 22 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады. Олардың артында бастапқы кәсіби даярлық курстары қалса, алда әрбір шешімі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті талап ететін қызмет жолы күтіп тұр.

    Салтанатты рәсімге жас полицейлердің ата-аналары мен жақындары қатысып, олардың өміріндегі маңызды сәттің куәсі болды. Жас қызметкерлер үшін бұл – оқу кезеңінің аяқталуы ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғауға, заңдылықты сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кәсіби жолдың басталуы.

    Жеке құрамға арнаған сөзінде Полиция департаменті бастығының орынбасары Руфат Қажымқанов анттың мәні тек айтылған сөздермен шектелмейтінін, оның шынайы мағынасы қызметтік міндеттерді қалай атқарудан көрінетінін атап өтті.

    «Сіздердің қызметтеріңіз «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделуі қажет. Қоғам сіздерді ең алдымен адал, ұстанымшыл және әрдайым көмекке келуге дайын қорғаушылар ретінде көруі тиіс», – деді полиция полковнигі.

    Сондай-ақ жас қызметкерлерге ШҚО ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев пен Полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов ақ тілектерін арнады. Олар жас полицейлерге қызметте табандылық танытып, кәсіби жетістіктерге жетуді, борышына адал болуды және азаматтардың сеніміне ие болуды тіледі.

    Салтанатты рәсімге ата-аналардың ақжарма тілектері де ерекше әсер берді. Балаларын құттықтаған олар таңдаған жолынан таймай, өз ұстанымдарына адал болып, қызметтерін абыроймен атқаруларын тіледі.

    Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында өткен рәсім Отанға қызмет ету саналы таңдаудан басталатынын тағы бір мәрте көрсетті. Енді жас полицейлер қабылдаған анттарына адалдықтарын іс жүзінде дәлелдеуі тиіс. Ол үшін әрбір шешіміне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлік танытып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге дайын болуы абзал.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары