Тәуелсіздік тарихы және патриоттық құндылықтар: ШҚО жас полицейлеріне арналған кездесу
Қазақстан Республикасы күні қарсаңында Өскемен қаласындағы А. С. Пушкин атындағы кітапханада Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің алғашқы кәсіптік даярлық курстарынан өткен жас қызметкерлеріне арналған танымдық кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты — жас полицейлерді тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен таныстыру, патриоттық құндылықтарды нығайту және елдің тарихи мұрасына деген құрметті арттыру.
Кездесу барысында қатысушыларға Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңызы, еліміздің мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдері және тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы ақпарат берілді.
Отан тарихымен танысу ұлттық құндылықтардың маңызын терең түсінуге және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді. Жас қызметкерлер үшін бұл заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудағы өз рөлін тереңірек түсінуге де мүмкіндік береді.
Отанға қызмет ету — оның тарихын құрметтеуден және болашағына жауапкершілікпен қараудан басталады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









