Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы И. В. Скуб жұмыс сапарымен «Ұлытау облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-не барды.
Сапар барысында И. В. Скуб арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылардың тұру жағдайларымен, стационарлық қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібімен, сондай-ақ мекеменің қызмет алушыларға тиісті күтім мен әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмысымен танысты.
Орталықта тұрақты күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін мүгедектігі бар адамдар мен қарт азаматтар тұрады. Сапар барысында жайлы әрі қауіпсіз тұру жағдайларын қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, көрсетілетін қызметтердің сапасы және қызмет алушылардың күнделікті өмірін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар сапар аясында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушылар үшін лайықты тұрмыс жағдайларын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен мүдделерін сақтау, сондай-ақ көрсетілетін көмектің сапасын арттыру халықты әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.









