Үржар ауданында полицияның жаңа Жедел басқару орталығы ашылды

    Абай облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде. Үржар ауданында облыс әкімі Берік Уәлидің, Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлының қатысуымен жаңа Жедел басқару орталығы (ЖБО) ашылды.

    Жаңа орталық көшелер мен қоғамдық орындардағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, полиция жасақтарын оқиға орнына жедел бағыттауға және төтенше жағдайлар кезінде олардың іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.

    Орталықты іске қосу аясында 77 жаңа құрылғы орнатылды. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған 72 бейнекамера және жылдамдықты асыру деректерін анықтайтын бес жылдамдық өлшегіш бар.

    Сонымен қатар Үржар ауылында бұрын орнатылған 110 бейнекамера бірыңғай жүйеге қосылды.

    Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. ЖБО жүйесіне Таскескен ауылындағы 58 балабақшаның, 33 мектептің және бір колледждің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Білім беру ұйымдарын ортақ жүйеге қосу полиция қызметкерлеріне оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға және қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

    Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, әуеден бақылау жүргізу мақсатында полиция қызметкерлері дронды да пайдаланатын болады.

    Жаңа орталықтың ашылуы – аудандағы қауіпсіздік жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам. Заманауи жабдықтар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындарға көмек көрсету уақытын қысқартуға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары