Мақаншы көшелері, Алакөл жағалауы мен білім беру мекемелері полицияның бақылауында. Мақаншы ауданында оқиғаларға жедел әрекет ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін біріктірген жаңа Жедел басқару орталығы іске қосылды.
Жұмыс сапары барысында орталықты Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров ашты.
Жедел басқару орталығы аудан аумағындағы жағдайды бақылау мен полиция жасақтарының жұмысын үйлестірудің бірыңғай орталығына айналды.
Бейнекамералардан түсетін кескіндер аудандық полиция бөліміне нақты уақыт режимінде жеткізіледі. Бұл қызметкерлерге қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында 77 жаңа бейнекамера орнатылды. Оның 72-сі қоғамдық тәртіпті қорғауға арналса, бесеуі Мақаншы ауылының жолдарындағы қауіпті учаскелерде жылдамдықты асыру деректерін тіркеуге бағытталған.
Сонымен қатар орталыққа аудан орталығында бұрын орнатылған 21 камера және Алакөл жағалауындағы 223 камера қосылды. Нәтижесінде, жүйе барлығы 321 бейнекамераны біріктіріп, тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтті.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Жедел басқару орталығына 31 балабақша мен 18 мектептің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Нысандарды заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау Бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Қосымша бақылау құралы ретінде дрон да қолданылады. Ол әуеден бақылау жүргізуге, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың ашылуы аудандық полицияның мүмкіндіктерін арттырады. Бұл жол қозғалысын бақылаудан бастап, түрлі оқиғалар кезінде тиісті қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге дейінгі жұмыстарды қамтиды.
Басты мақсат — оқиғаларға әрекет ету уақытын қысқартып, адамдарға дер кезінде көмек көрсетуді қамтамасыз ету.









