Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласына ерекше конституциялық мәртебе берілгенін атап өтті. Елорда елдің даму бағытын айқындайтын маңызды орталық болғандықтан, оның инфрақұрылымын дамыту және барлық азаматқа қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру ерекше маңызға ие.
«Астана-1» теміржол вокзалын қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беру қарсаңында нысанның қолжетімділігіне бірлескен ұсынымдық тексеру жүргізілді. Іс-шараның мақсаты – вокзалдың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділігін бағалау және нысан ашылғанға дейін анықталған кедергілерді жою жөнінде ұсыныстар беру.
Тексеруге жергілікті атқарушы органдардың, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, мердігер ұйымның өкілдері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі және «Вездеходы» командасының өкілдері қатысты.
Қатысушылар вокзалдың іргелес аумағын, оған кіретін жолдарды, кіреберістерді, ғимарат ішіндегі қозғалыс бағыттарын, санитарлық бөлмелерді, перронға шығу жолдарын және жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған демалыс бөлмелерін қарап шықты. Сондай-ақ қабылдау орны мен теміржол кассаларының қолжетімділігіне назар аударылды.
Тексеру барысында есіктерді ашу ыңғайлылығы, ғимарат ішінде өздігінен бағдарлау және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігі сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.
Аумақтық департамент мамандары нысанның қолжетімділігін жақсартуға бағытталған ұсынымдар берді. Бірлескен тексеру тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға анықталған ескертулерді ескеріп, вокзал пайдалануға берілгенге дейін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын басқа да азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісуге қатысады. Декларацияларды қарау кезінде нысанның қолданыстағы қолжетімділік талаптарына сәйкестігі белгіленген тәртіппен бағаланады.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында аумақтық департаменттерге қолжетімділік талаптарына сәйкестік туралы декларацияларды келісу бойынша 562 өтініш түсті. Оның ішінде 147 өтініш (26%) келісілді, 259 өтініш (46%) бойынша келісуден бас тартылды. Қалған өтініштер қаралу үстінде.
«Астана-1» вокзалындағы бірлескен тексеру мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, мердігер ұйымның және сарапшылардың өзара іс-қимылы нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Нысан ашылғанға дейін ұсыныстар беру ықтимал кедергілерді алдын ала анықтап, оларды жоюға және барлық азамат үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.









