Полиция балалардың көзімен: қиял, шығармашылық және қауіпсіздік
Балалар полицейлерді қалай көреді? Заңның қатаң сақшылары, көмекке келетін жандар немесе өз суреттері мен бейнероликтерінің кейіпкерлері ретінде ме? Оқушылар өз көзқарастарын Қасым Қайсенов атындағы мектеп базасында Ұлан аудандық полиция бөлімі ұйымдастырған «Балалар көзімен полиция» байқауында көрсетті.
Байқау «Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі» ұранымен өтіп, балаларды қауіпсіздік пен заңды құрметтеу тақырыбына біріктірді.
Жас қатысушылар тапсырмаға шығармашылықпен қарап, суреттер салды, қолөнер бұйымдарын жасады, полиция нысандарының макеттерін құрастырып, бейнероликтер түсірді. Заманауи технологиялар да назардан тыс қалмады: кейбір жұмыстар жасанды интеллект көмегімен әзірленді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
- «Жасанды интеллект көмегімен жасалған үздік бейнеролик» номинациясы бойынша 2-сынып оқушысы Жандос Нұржанұлы жеңімпаз атанды.
- «Үздік бейнеролик» номинациясында 9-сынып оқушысы Адилия Байтикова жеңіске жетті.
- Полиция учаскесінің макеті үшін бас жүлде 4-сынып оқушысы Дарын Маратқа бұйырды.
- Қолөнер бұйымдары байқауында 0-сынып оқушысы Алихан Қырматолла бірінші орын алды.
Жұмыстар әртүрлі болғанымен, олардың барлығын қауіпсіздік, көмек пен әділдік тақырыптары біріктірді. Балалар өз суреттері, қолөнер бұйымдары мен бейнероликтері арқылы полиция қызметінің өздері үшін қандай мәнге ие екенін және қоғамдық тәртіпті күзететін полицейлерді қалай елестететінін көрсетті.
Жеңімпаздарды құттықтап, барлық қатысушыларға қиялы мен ізденісі, шығармашылық еңбегі үшін алғыс білдіреміз!
ШҚО ПД баспасөз қызметі









