«Қауіпсіз үй» ЖПІШ аясында 4 мыңға жуық проблемалық мекенжай анықталды
Шығыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз үй» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның негізгі мақсаты — қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін мәселелерді уақытылы анықтау.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері ТЖД мамандарымен бірлесіп, тұрғын үй секторын тексеруде. Бұл ретте қоғамдық тәртіптің жай-күйіне және төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін тұрмыстық жағдайларға баса назар аударылады.
Тұрғындармен кері байланыс орнатуға да ерекше мән беріледі. Есепті кезеңде тұрғындармен 257 кездесу өткізіліп, оған 7 мыңнан астам адам қатысты. QR-кодтар мен жергілікті қауымдастықтардың чаттары арқылы 125 ұсыныс келіп түскен. Қазіргі уақытта олар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Тұрғын үй секторындағы қауіп-қатер факторларын анықтауға да басымдық берілген. Олардың қатарында өртке әкелуі мүмкін ақаулы пешпен жылыту жүйелері мен өзге де бұзушылықтар, сондай-ақ полицияның профилактикалық бақылауын қажет ететін жағдайлар бар. Жалпы, 4 мыңға жуық проблемалық мекенжай анықталып, оның 1,8 мыңға жуығында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар азаматтық қарудың 1,4 мыңнан астам иесі тексерілді. 20 жағдайда қаруды сақтау қағидалары мен оны тіркеу мерзімдеріне қатысты бұзушылықтар анықталды.
«Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Полиция облыс тұрғындарын қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға, ықтимал қауіп-қатерлер туралы хабарлауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлес қосуға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі








