Ақтөбе облысында су үнемдеу технологиялары 12,3 мың гектар жерге енгізілді

    1 / 5

    Ақтөбе облысында ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру, заманауи суару жүйелерін енгізу және суармалы егіншілікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

    Су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

    Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, биыл облыстың басым бөлігінде вегетациялық кезең ауа райының қолайлы жағдайында өтті. Алайда Әйтеке би ауданында жауын-шашынның аз болуы және шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер етті. Нәтижесінде гектарына 8,3 центнерден өнім жиналды.

    Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы тұрақты суармалы жерлердің жалпы көлемі 17,7 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Қарғалы және Мәртөк аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында орналасқан.

    Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суға деген қажеттілігі өңірдегі су қоймалары мен негізгі өзендердің есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су қоры суару жұмыстарын жүргізуге жеткілікті болған.

    Қарғалы су қоймасындағы су көлемі 98,9 млн текше метр, Ақтөбе су қоймасында 98,4 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 3,2 млн текше метрді құрады. Сонымен қатар суару үшін Елек, Қарғалы, Жем, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Ор және Темір өзендерінің су ресурстары пайдаланылды.

    Суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.

    Бүгінде мұндай технологиялар 12,3 мың гектар алқапта қолданылады. Оның 11,8 мың гектарына заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізілсе, 0,5 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы пайдаланылады. Сондай-ақ шаруашылықтарда автоматтандырылған «ақылды суару» жүйелері мен жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылады.

    Заманауи технологияларды енгізуді ынталандыру мақсатында мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тиісті шығындарының 50-ден 80 пайызға дейінгі бөлігін өтейді. 2025 жылы осы мақсатқа 176 млн теңге инвестициялық субсидия бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 206 млн теңгені құрады.

    2019 жылдан бері өңірде «Қазсушар» бағдарламасы аясында 9,3 мың гектар суармалы жерді қамтитын ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау және ішінара Қарғалы аудандарындағы 5 мың гектар алқапта жұмыстар аяқталған. Қарғалы ауданында және Ақтөбе қаласында тағы 4,3 мың гектар жердің ирригациялық инфрақұрылымын қалпына келтіру жалғасуда.

    Сонымен қатар қалпына келтірілген суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесі өзекті болып отыр.

    Осыған байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті атқарушы органның теңгеріміндегі ирригациялық нысандарды түгендеп, олардың техникалық жай-күйі мен пайдалануға дайындығын бағалауды Табиғи ресурстар басқармасына тапсырды.

    «Барлық суармалы жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, қалпына келтірілген нысандардың бос тұруына жол бермеу қажет. Егер шаруашылықтар өздеріне берілген жерлерді пайдаланбаса, оларды қайтарып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуға дайын кәсіпкерлерге беру мәселесін пысықтау керек. Ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтірумен ғана шектелмей, егіс алқаптарын ұлғайту және өнімділікті арттыру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аудару керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

    Өңір басшысы аудан әкімдеріне су ресурстарының пайдаланылуына талдау жүргізуді, каналдар мен ирригациялық жүйелердің техникалық жай-күйін бағалауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және инфрақұрылымның келесі суару маусымына дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары