САЛЫҚ БЕРЕШЕГІН МӘЖБҮРЛЕП ӨНДІРУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Салық төлеушінің салық берешегін өндіру ережесі» тақырыбында брифинг өтті.
Брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Ибрагимова жаңа Салық кодексінде көзделген салықтық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету тәсілдері мен салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары туралы баяндады.
Спикер салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың негізгі тетіктеріне тоқталды. Атап айтқанда:
банктік шоттардағы ақша қаражаты есебінен өндіріп алу;
дебиторлық берешек есебінен өндіріп алу;
билік ету шектелген мүлікті өткізу;
заңнамада көзделген жағдайларда жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару;
Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу;
жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығару.
Сонымен қатар салық берешегін бөліп төлеу немесе төлеу мерзімін кейінге қалдыру тәртібі түсіндірілді. Бұл ретте салық төлеушілерге заңнамада белгіленген талаптар мен шарттарды сақтау қажеттігі, сондай-ақ берешекті өтеу бойынша тиісті шараларды уақтылы қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Брифинг барысында салықтық берешекті уақтылы өтеудің маңыздылығы айтылып, Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу шарасының қолданылу тәртібі туралы ақпарат берілді.
Салық төлеушілерге салықтық міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындап, берешектің туындауына жол бермеу ұсынылады.









