Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қызметтің белгілі бір түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер мен ұйымдар тұтынушыларға қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігін ұсынуға міндетті.
Аталған міндет «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №388 қаулысымен өзгерістер енгізілген №457 қаулысымен реттеледі.
ҚАНДАЙ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ?
2026 жылғы 19 шілдеден бастап қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға міндетті қызмет түрлерінің тізімі 18 түрге дейін кеңейтілді.
Бұл талап кәсіпкерлік субъектісінің айналым көлеміне және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге де қолданылады.
Тиісті қызмет түрлеріне мыналар жатады:
көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу;
қонақүй бизнесі және қоғамдық тамақтандыру қызметтері;
әуе және теміржол билеттерін сату, жүк тасымалдау;
туроператорлық қызмет;
сақтандыру, медициналық және білім беру қызметтері;
кинотеатрлар мен фильмдерді көрсету;
фитнес-клубтар, спорт залдары, дискотекалар, боулинг және бильярд клубтары, құмар ойындар;
шаштараздар мен сұлулық салондары;
пошта және курьерлік қызметтер;
дизайнерлік қызметтер, ғимараттарға қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру.
ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ТӨЛЕМДІ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАУҒА БОЛАДЫ?
Заң талаптарын орындау үшін төмендегі тәсілдердің бірін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет:
POS-терминал — банк карталары және мобильді құрылғылар арқылы төлем қабылдауға арналған стационарлық, мобильді немесе шағын POS-құрылғы.
QR-төлем — Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі арқылы банктік QR-код көмегімен төлем қабылдау.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ТАЛАП ҚОЛДАНЫЛМАЙДЫ?
Жалпыға ортақ телекоммуникация желілері, соның ішінде интернет пен ұялы байланыс мүлдем қолжетімсіз болатын стационарлық емес объектілерге бұл талап қолданылмайды.
ТАЛАПТАРДЫ БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау талаптарының орындалуын мемлекеттік кірістер органдары бақылайды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 195-бабына сәйкес:
Алғаш рет бұзушылық жасалған жағдайда — ресми ескерту беріледі.
Бір жыл ішінде бұзушылық қайталанса — әкімшілік айыппұл салынады:
шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 40 АЕК (173 000 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 60 АЕК (259 500 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 80 АЕК (346 000 теңге).
Кәсіпкерлерге қолма-қол ақшасыз төлем қабылдау мүмкіндігін алдын ала қамтамасыз етіп, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауды ұсынамыз.









