1 / 2
Атыраулық полицей Қуаныш Әбдештің бір жасар егіз ұлдары Ернар мен Санжар полиция формасын киіп, сүйкімді кішкентай сақшыларға айналды. Қос бүлдіршіннің бұл бейнесі ата-анасына ерекше қуаныш сыйлайды.
Қуаныш Әбдеш 2020 жылдан бері патрульдік полиция қызметінде еңбек етеді. Ол Халел Досмұхамедов атындағы университетте құқықтану мамандығы бойынша білім алған.
Жұбайы Асылай Қайырбергенова да полиция қызметкері. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінде қызмет атқарады. Ерлі-зайыптылар бір оқу орнында білім алып, қызмет жолын бірге бастаған. Олар 2024 жылы шаңырақ көтерген.
- Егіздерімізге полиция формасын кигізіп көрген едік, өте сүйкімді болып шықты. Ернар мен Санжар бір жасқа толды. Қазір бар қызығымыз - солардың әрбір қылығы. Жұбайым екеуміз полиция саласында қызмет етеміз. Үйде әзілдеп, «Біздің үйде енді төрт полицей бар» деп қоямыз, - дейді полиция капитаны Қуаныш Әбдеш.









