Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2026 жылдың 9 айындағы жұмысы қорытындылары мен еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы

    1 / 2
    Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2026 жылдың 9 айындағы жұмысы қорытындылары мен еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы
    Негізгі көрсеткіштер
    2026 жылдың 9 айында (әрі қарай - есептік кезең) жеке және заңды тұлғалардан барлығы 2 810 (еңбек қатынастары бойынша 2 791, еңбек қауіпсіздігі бойынша - 19) жолданым келіп түсіп қаралды. Жолданымдардың барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып, қабылданған шаралардың нәтижесінде 900 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
    Сонымен қатар, есептік кезеңде еңбек заңнамасының сақталуы бойынша 363 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 385 заң бұзушылық анықталды.
    Анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша 183 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 13,0 млн теңге болатын 68 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 9,6 млн теңгені құрайтын 57 айыппұл мемлекеттік бюджетке өндірілді.
    Бұдан бөлек, қала аумағындағы 29 кәсіпорында еңбек заңнамасының сақталуы бойынша профилактикалық бақылау, яғни жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзуын алдын ала анықтап, оны жоюға бағытталған мемлекеттік бақылау іс-шаралары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 12 кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланып отыр.
    Жалақы берешегі бойынша
    Есептік кезеңде қала аумағында еңбек даулары тіркелген жоқ.
    Алайда, қазіргі таңда 6 кәсіпорындағы 66 жұмыскердің алдында 68,8 млн теңге көлемінде жалақы бойынша берешек қалыптасып отыр.
    Оның ішінде 2 кәсіпорындағы 29 жұмыскерге 10,7 млн теңге мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан анықталған.
    Департамент тарапынан қала прокуратурасы мен қалалық кірістер департаментімен үш жақты меморандум түзіліп, қала кәсіпорындарында жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында жұмыс жүргізіліп, осы бағытта жалпы 169 кәсіпорын мониторингпен қамтылып, оларға тиісті ұсынымдар берілді.
    Нәтижесінде 18 кәсіпорындағы 1 624 жұмыскерге 460,3 млн теңге жалақы берешегі төленді.
    Ал, жалпы есептік кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторларының жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 86 кәсіпорыннан 2 824 жұмыскердің пайдасына 754,3 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі өндіріліп, тиісінше 2 824 жұмыскердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді.
    Өндірістік жарақаттану және еңбек қауіпсіздігі бойынша
    Есептік кезеңде қала аумағында 20 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, нәтижесінде 31 жұмыскер зардап шекті.
    Өкінішке қарай, оның ішінде 3 жұмыскер жұмыс орнында қаза тауып, 16 жұмыскер ауыр, 12 жұмыскер жеңіл жарақат алды.
    Барлық өндірістік жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы бойынша рәсімделген материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
    Жазатайым оқиғалар негізінен құрылыс (1), өндіріс (3), спорт (1), коммуналдық қызмет (3), қызмет көрсету (7), байланыс (1), денсаулық сақтау (2), теміржол (1) және ауылшаруашылық (1) салаларында орын алған.
    Әсіресе, қала аумағындағы құрылыс алаңдарында жазатайым оқиғалардың, оның ішінде адам өліміне әкелетін жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыс берушілермен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
    Департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдардың құрылыс саласына жауапты басқармасы және прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен жазатайым оқиғаларға жол берген еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
    Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша
    Жалпы Шымкент қаласы бойынша жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын (әрі қарай - сақтандыру шарты) жасасуы тиіс белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 8 123-ті құрайды.
    Есептік кезеңде жалпы 6 202 кәсіпорын сақтандыру шарттарын жасады, бұл жалпы кәсіпорындар санының 76,3%-ын құрайды;
    1 921 кәсіпорын сақтандыру шарттарын жасамаған.
    Сақтандыру шарттарын жасамаған кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлері бойынша бөлінісі төмендегіше:
    • Құрылыс - 399;
    • Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді жөндеу – 309;
    • Өзге де қызметтер түрлерін ұсыну - 251;
    • Білім беру - 225;
    • Өңдеу өнеркәсібі - 144;
    • Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет - 118;
    • Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету - 106;
    • Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызмет - 77;
    • Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар - 59;
    • Көлік және қоймалау - 53;
    • Ақпарат және байланыс - 38;
    • Қаржы және сақтандыру қызметі - 32;
    • Өнер, ойын-сауық және демалыс - 26;
    • Тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету - 25;
    • Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу - 13;
    • Сумен жабдықтау; кәріз жүйесі; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет - 11;
    • Өзге де жұмыс берушілер - 35 кәсіпорын.
    Ал, осы сақтандыру шарттарын жасамаған кәсіпорындарды аудандар бөлінісінде қарайтын болсақ:
    • Абай ауданында - 454;
    • Әл-Фараби ауданында - 437;
    • Еңбекші ауданында - 331;
    • Қаратау ауданында – 439;
    • Тұран ауданында - 260 кәсіпорынды құрайды.
    Министрліктің бекіткен жоспары бойынша ай сайын 512 кәсіпорында сақтандыру шартының жасалуын ұйымдастыру қажет болса, бұл көрсеткіш те ай сайын (қыркүйек айында 114,6%) орындалуда.
    Жыл соңына дейін қалған 1 921 кәсіпорынның сақтандыру шартын жасауын ұйымдастыруымыз қажет.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті" жаңалықтары