Ақмола облысында Республика күні қарсаңында ішкі туризмді дамытуға бағытталған жаңа экопарк ашылды

    1 / 20

    Өңірде Астана агломерациясының тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орындарын көбейту және туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.

    Целиноград ауданының Аққайың ауылында Dara Resort экопаркі ашылды. Жаңа нысан табиғат аясында демалуды және отбасылық уақыт өткізуді ұнататындар үшін тартымды орынға айналмақ. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов қатысты.

    Техникалық ашылуынан бері экопаркке шамамен 1,5 мың адам келген. Бұл елорда маңындағы табиғат аясында демалуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

    Экопарк аумағында демалыс орындары, күркелер мен шолу алаңдары жабдықталған. Жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер бағыттары салынған. Сонымен қатар 200 ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта мұнда арқанды саябақ ұйымдастыру және жаяу жүргіншілер бағыттарын ұзарту жоспарланып отыр.

    «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Экопарктер құру жөніндегі жобалар табиғат аясында демалу мүмкіндіктерін кеңейтуге, соның ішінде Астана агломерациясының тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Адамдардың отбасымен бірге уақыт өткізіп, қала қарбаласынан тынығуына арналған қолжетімді әрі абаттандырылған орындар көп болуы маңызды», – деді Ернар Жаркешов.

    Dara Resort – өңірде экологиялық туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Жалпы, Ақмола облысында жеті экопарк құру жоспарланған. 2026 жылдың басында Зерендіде осындай нысан ашылды. Сонымен қатар Ақкөл қаласында Wyndham резиденциясының аумағында тағы бір ірі экопарк құрылып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін өңірде үш экопарк жұмыс істейтін болады.

    2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында тағы екі экопарк ашу жоспарланған. Ал 2028 жылы облыс орталығында тағы бір экопарк пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары