Комитет әлемдегі инфекциялық аурулардың, оның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуде.
Әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігін ескере отырып, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел халқы арасында маймыл шешегінің кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланады.
Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Атап айтқанда:
* мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
* ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде;
* барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;
* медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;
* аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Эпидемиологиялық жағдайға қатысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.
Комитет эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, халықтың денсаулығын сақтау және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.









