Астанада респираторлық инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуіне медициналық ұйымдардың дайындығын бағалау бойынша оқу-жаттығу өтті

    1 / 5

    Бүгін Астанада тұмауға ұқсас аурулары (ТҰА) және ауыр жіті респираторлық инфекциялары (АЖРИ) бар пациенттер анықталған жағдайда медициналық ұйымдардың іс-қимылдарын пысықтау бойынша оқу-жаттығу өтті.

    Оқу-жаттығудың мақсаты – медициналық ұйымдардың пациенттерді уақтылы анықтауға, медициналық көмек көрсетуге, оларды тиісті медициналық ұйымдарға дұрыс бағыттауға және зертханалық қызметпен өзара іс-қимыл жасауға дайындығын бағалау.

    № 5 қалалық емханада жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері бар пациенттердің жүгіну санының артуы модельденді. Медициналық қызметкерлер пациенттерді бастапқы қабылдау және сұрыптау, келушілер ағындарын бөлу, медициналық тексеру жүргізу, мәліметтерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізу, сондай-ақ тұмау мен COVID-19-ға зертханалық зерттеулер жүргізу үшін биологиялық материал алу тәртібін пысықтады.

    Қалалық инфекциялық орталықта ауыр респираторлық инфекция белгілері бар шартты пациенттерді қабылдау сценарийі пысықталды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары пациенттердің жағдайын бағалау, ауруханаға дейінгі кезеңде көмек көрсету, оларды тасымалдау және қабылдаушы стационарға медициналық ақпаратты беру тәртібін пысықтады.

    Пациенттер жаппай түскен жағдайда медициналық сұрыптау жүргізуге, оларды қолда бар төсек-орын қорына сәйкес орналастыруға және қажет болған кезде қосымша инфекциялық төсектерді жедел ашуға дайындыққа ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша екі сағат ішінде стационарға ТҰА және АЖРИ белгілері бар 30-ға дейін шартты пациенттің түсуі көзделді.

    Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем, емхана, стационар және вирусологиялық зертхана арасындағы өзара іс-қимыл, санитариялық-эпидемияға қарсы режимді сақтау және медицина қызметкерлерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

    Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қатысушылардың іс-қимылдары талданып, ықтимал ұйымдастырушылық кемшіліктер анықталып, оларды жою жөніндегі түзету шаралары әзірленеді. Бұл медициналық ұйымдардың респираторлық инфекциялар бойынша маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне дайындығын арттыруға және халыққа медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті" жаңалықтары