Комитет халықты суши мен роллдарды тұтыну кезінде сақтық шараларын сақтауға және оларды дайындайтын әрі сататын орындарды таңдауға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Суши мен роллдар тағам қауіпсіздігі тұрғысынан ерекше назар аударуды қажет етеді. Оларды дайындау кезінде шикі, аз тұздалған немесе маринадталған балық, теңіз өнімдері және тез бұзылатын басқа да ингредиенттер пайдаланылуы мүмкін. Бұл өнімдер әрдайым толық термиялық өңдеуден өтпейді.
Дайындау, тасымалдау және сақтау технологиялары бұзылған жағдайда мұндай өнімдер тағамнан улануға, жіті ішек инфекцияларына және паразиттік ауруларға себеп болуы мүмкін.
Тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу үшін тұтынушыларға суши мен роллдарды қауіпсіздік талаптарын сақтайтын, ресми тіркелген қоғамдық тамақтану және сауда нысандарынан ғана сатып алу ұсынылады. Өнімдерді рұқсат етілмеген сауда орындарынан және белгісіз сатушылардан сатып алуға болмайды.
Өнімді таңдаған кезде оның сақтау жағдайларына, сыртқы түрі мен иісіне назар аудару қажет. Бұзылу белгілері байқалған суши мен роллдарды тұтынуға болмайды.
Балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және иммунитеті әлсіреген адамдарға ерекше сақтық таныту ұсынылады, өйткені бұл санаттағы адамдарда тағамдық инфекциялар денсаулыққа неғұрлым ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.
Комитет азаматтарды тағам қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға, суши мен роллдарды сатып алатын орындарды таңдауға жауапкершілікпен қарауға және өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығын қорғау шараларын қабылдауға шақырады.









