15 қазанда бүкіл әлем Дүниежүзілік таза қол күнін атап өтті.Бұл күн 2008 жылы белгіленген және жыл сайын ең қарапайым әдеттердің бірі көптеген аурулардан қорғай алатынын еске салады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті еске салады: қолды сабынмен жуу жұқпалы аурулардың алдын алудың ең қолжетімді және тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, қолды үнемі жуу ішек аурулары қаупін шамамен 30%-ға, ал жедел респираторлық инфекциялар қаупін шамамен 20%-ға азайтады. Таза қол адамның өзін ғана емес, оның отбасын, әріптестерін, балаларды және егде жастағы адамдарды да қорғайды.
Біз қолды тамақтанар алдында және тамақ дайындау алдында, дәретханаға барғаннан кейін, көшеден және қоғамдық көліктен кейін, жануарлармен жанасқаннан кейін, сондай-ақ түшкіргеннен, жөтелгеннен және мұрынды сіңбегеннен кейін жууды ұсынамыз. Сондай-ақ науқасқа күтім жасаудан бұрын және кейін, беттің, көздің және ауыздың жанына қол тигізер алдында да қолды жуу маңызды.
Қолды кемінде 40-60 секунд жуу керек, қолдың сыртқы беттері мен саусақ аралықтарын ұмытпаған жөн. Одан кейін сабынды ағын сумен мұқият шайып, қолды таза сүлгімен немесе бір реттік майлықпен сүрту керек. Егер су мен сабын болмаса, құрамында кемінде 60% спирті бар спирттік антисептикті қолдануға болады, оны теріге 20-30 секунд ысқылау керек.









